Астанада агроөнеркәсіптік кешенге жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу тақырыбына арналған өңірлік техникалық семинар өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Екі күндік іс-шара Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы (ИАЗҚҰ) тарапынан ұйымдастырылды.
Семинарға Қазақстан мен Түркияның жетекші сарапшылары, ғылыми және технологиялық ұйымдардың өкілдері жиналып, өзара тәжірибе алмасып, агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру саласында ортақ шешім қабылдауға белсене қатысты.
Түрік мамандары АӨК мониторингі мен басқаруына арналған кешенді АТ-платформаларын таныстырды. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау тетіктерінің ашықтығын арттыруға және ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану тиімділігін бақылауға бағытталған жасанды интеллектті қолдану мысалдарын көрсетті.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері агроөнеркәсіптік саланы цифрландыру бойынша жүзеге асырылып жатқан шаралар мен негізгі ақпараттық жүйелер туралы мәлімет берді.
Отырыста «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ жер мониторингі мен дәлме-дәл картографиялау құралдарының мүмкіндіктерін таныстырды. Astana IT University мен Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) өкілдері ауыл шаруашылығына арналған машиналық оқытуға негізделген қолданбалы шешімдерді ұсынды.
Семинар қорытындысында агроөнеркәсіптік кешенге жасанды интеллект енгізудің басым сценарийлер матрицасы жасалды.
Сонымен қатар, кездесу иелері Түркия еліне жауапты техникалық сапар ұйымдастыруға келісті. Онда қазақстандық мамандар цифрлық платформалардың жұмысымен танысып, озық тәжірибелерді отандық нарыққа бейімдеу мүмкіндігіне ие болмақ.