Ru  Kz
Барлық жаңалықтар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ қоғам қайраткерін мемлекеттік наградалармен марапаттады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ қоғам қайраткерін мемлекеттік наградалармен марапаттады
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ қоғам қайраткерін мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Ақорда төрінде өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болатын, ұлт мүддесі үшін қажырлы қызмет етіп, халықтың ықыласына бөленіп келе жатқан бір топ азаматқа құрмет көрсетті.

Атап айтқанда, көрнекті суретші, танымал өнер қайраткері Бәтима Зәуірбековаға «Отан» ордені, көрнекті әдебиеттанушы ғалым Тұрсын Жұртбайға I дәрежелі «Барыс» ордені, мемлекет қайраткері Александр Судьинге II дәрежелі «Барыс» ордені табысталды. Белгілі актер, көрнекті театр режиссері Нұрқанат Жақыпбайға «Қазақстанның халық әртісі» атағы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Виктор Хильниченкоға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев марапат иелерін құттықтап, әрқайсысының ел үшін сіңірген еңбегіне жеке-жеке тоқталды.

Президент ұлттық мәдениетімізді дамыту жолында көп еңбек етіп, бейнелеу өнерінде қайталанбас қолтаңбасымен ерекшеленген Бәтима Зәуірбекова отандық гобелен өнері мектебінің негізін қалап, қазақ әйелдері арасынан шыққан осы саладағы тұңғыш кәсіби маман атанғанына назар аударды.

– Шығармашылығыңыз жоғары деңгейде мойындалып, Мемлекеттік сыйлықтың иегері болдыңыз. Халқымыздың тарихын, бітім-болмысын, ою-өрнегі мен салт-дәстүрін дәріптеуге баса мән бердіңіз. Сіздің туындыларыңыз Алматы және басқа да қалалардың әйгілі ғимараттарына көрік беріп тұр. Туындыларыңыз өз елімізбен қатар шет мемлекеттерде сақталуда. Сіздің еңбектеріңізді әлемге белгілі мамандар өте жоғары бағалайды. Ұлттық өнер жолында салған дара жолыңыз жас буын азаматтары үшін тамаша үлгі-өнеге деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев саналы ғұмырын ұлт руханиятын дамытуға арнап келе жатқан көрнекті ғалым, қарымды қаламгер Тұрсын Жұртбай төл тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын зерттеп, халықтың сана-сезімін жаңғыртуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.

– Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын терең зерттеп, жан-жақты дәріптеуге зор еңбек сіңірдіңіз. Абай – ұлттың рухани темірқазығы, өскелең ұрпақтың айнымас бағдары. Шын мәнінде, ұлы ойшылды тану – қазақты тану деген сөз. Сіз Мұхтар Әуезовтің және ұлт қайраткерлерінің мол мұрасы мен өнегелі өмірі туралы құнды ғылыми еңбектер жаздыңыз. Шоқтығы биік көркем шығармаларыңыз арқылы төл әдебиетіміздің құндылығын арттыра түстіңіз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мемлекетіміздің дамуына Тәуелсіздіктің елең-алаңынан бастап белсене атсалысып келе жатқан Александр Судьинге алғыс айтты.

– Мемлекеттік қызметте жұмыс істеген жылдары зор құрметке ие болдыңыз. Парламент Сенатының депутаты ретінде халық мүддесін қорғадыңыз. Вице-спикер және Сенат аппаратының басшысы ретінде қазақстандық парламентаризмнің дамуына қосқан үлесіңізді айрықша атап өткім келеді. Сіздің кәсіби еңбегіңіз жоғары бағаланып, Отанға адал қызмет етудің үлгісіне айналды, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент театр және кино саласында жарты ғасырдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан белгілі режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың төл мәдениетімізді өркендету жолындағы еңбегі зор екенін жеткізді.

– Көрерменнің көзайымы болған мазмұнды қойылымдарды сахналап, театр әлемінің нағыз майталманы ретінде танылдыңыз. Көптеген пьесалар мен фильмдерде түрлі рөлдерді шебер сомдап, халықтың ыстық ықыласына бөлендіңіз. Бүгінде жас таланттарды өнерге баулып, оларға бағыт-бағдар беріп келесіз. Руханият саласын дамытуға сіңірген еңбегіңіз үшін өзіңізге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы кәсіби жолын агрономдықтан бастап «Хильниченко және К» серіктестігінің басшысына дейін көтерілген Виктор Хильниченконың агроөнеркәсіп саласын дамытуға қосқан үлесіне тоқталып, Алматы облыстық мәслихатының депутаты ретінде жемісті қоғамдық қызмет атқарғанын да атап өтті.

– Ең бастысы, қол жеткізген жетістіктеріңізге тоқмейілсімей, алдыңызға жаңа әрі биік мақсаттар қойып келесіз. Аймақтың агроөнеркәсіп әлеуетін көтеруге қосқан зор үлесіңіз қандай бағаға болса да лайық, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөзін түйіндей келе, қазір Қазақстан жан-жақты жаңғыру жолына түсіп, елімізде түбегейлі өзгерістер жасалып жатқанына назар аударды.

– Ұлт тағдырын айқындайтын тарихи шешімдер қабылданды. Біз біртұтас қоғам болып жалпыұлттық референдум өткіздік, жаңа Конституциямызды қабылдадық. Азаматтарымыз жаңа Ата заңды бірауыздан қолдап, дауыс берді. Қазақта «Береке бастауы – бірлік» деген жақсы сөз бар. Біз ырысты ынтымағымызды сақтай білсек, еліміз де өсіп-өркендей береді. Көп ұзамай Қазақстан тарихында алғаш рет Құрылтай сайлауы өтеді. Бұл ел өміріндегі маңызды оқиға болмақ. Қазір науқан белсенді өтіп жатыр. Партиялар саяси мәдениеттің озық үлгісін көрсетуде. Алдымызда өте жауапты кезең тұр. Ұлт болып ұйысып, бір ел болып жұмыла еңбек етеміз деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



скачать dle 11.1смотреть фильмы бесплатно
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
ҚАЗІР ОҚЫП ЖАТЫР
для добавления комментариев
Уже зарегистрированы?
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Или водите через социальные сети
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Алматыда бірқатар білім және мәдениет саласының үздік қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды
Аида Балаева мәдениет және медиа саласының қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыстады
Димаш Құдайбергеннің жаңа әні ең көп тыңдалған топ-100 әннің қатарына енді
Актер Шәріп Серік қызды ұрды деп айыпталғаннан кейін мәлімдеме жасады
Валерий Меладзе Астананың сұлулығына таң қалды
Мультимедиа
Президент Райымбек ауданының тұрғындарын 90 жылдық мерейтойымен құттықтады
Ақсайдағы 90 жылдық теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді
Алматы облысында «Қымызмұрындық» мерекесі өтеді
Алматы мектептерінде аттестат тапсыру рәсімі аяқталды: оқу жылының қорытындысы шығарылды
Алматы облысында «Қымызмұрындық» мерекесі өтеді