Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында 1 қазан Халықаралық қариялар күніне арналған «Мейірім мен ізгілік нұры!» атты мерекелік концерт өтті. Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен «Жастар мәдениет үйі» ұйымдастыруымен Жастар мәдениет үйінде асыл қазынамыз саналатын қарттар мерекесі атап өтілді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Шара басталмас бұрын фойеде мәдени – ағарту бірлестігінің қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, скрипкашылар ансамблі өнер көрсетті. Үздік қолөнер бұйымдары мен қазақи нақышта орындалған әшекейлер, қолдан жасалған әдемі бұйымдар көрермен назарына ұсынылды.
Шара барысында қала әкімі Абат Абайұлы Шыныбеков шараға қатысып отырған қарттарды Халықаралық қариялар күнімен құттықтап, дендеріне саулық, ұзақ ғұмыр тіледі.
Келесі кезекте сахна әсем мүсінді бишілермен, әсерлі театрландырылған көрініспен, әсем әнмен және құлақ құрышын қандырар күймен көркемделді. «Отбасы Отанымыздың тірегі» атты хореографиялық театрландырылған көрініспен басталған мерекелік концерт көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Адам ғұмырының мәні мен маңызын көрініс арқылы көрсете білген өнерпаздар көрерменнің көңілінен орын таба білді. Әдемі қарттықтың көрінісі Жастар мәдениет үйінің дайындаған мерекелік концертіне ұласты. Әсем ән мен мың бұрала билеген бишілердің биін тамашалаған қариялар шарадан керемет көңіл күйде қайтты. «Бүгін ардақты да аяулы қарттарымыздың мерекесі. Бұл жандардың еліміз үшін сіңірген еңбектері орасан зор. Ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетімізді дамытудағы, қоғамымызды қалыптастырудағы бұл жандардың еңбегін атап өтпеске болмайды. Жастарымызға үлкен өнеге болып жүрген жандарды құттықтай отыра, аталмыш шараны ұйымдастырып, біздерге жақсы көңіл-күй сыйлаған ұйымдастырушыларға алғыс білдіргім келеді» деп өз ойымен бөлісті Орал қаласы ардагерлер кеңесінің мүшесі.