Жастар мәдениет үйінде Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен ҚР Конституциясы күніне арналған «Азат елдің ар намысы – Ата заң» атты мерекелік концерт өткізілді. Орал қалалық кітапханалар жүйесімен арнайы дайындалған кітап көрмесі концерттің көркін келтірді. Шара барысында түрлі салада еңбек етіп жүрген бірқатар үздік қызметкерлер марапатталып, 16 жасқа толған азаматтарға жеке куәліктері салтанатты түрде табысталды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Шараға Орал қаласының әкімі Абат Абайұлы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айбар Хайырханов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Әмірханов, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ақмарал Ахметова, Халықаралық, Республикалық байқаулардың лауреаттары Тарас Жауынбаев, Рүстем Кереев, Рустам Хафизов, Аслан, Жасұлан Зинеденов, Азат Қабиев, Әсел Кажимова, «Салтанат» би ансамблі, «Жұлдыз» тобы, «Гүлдер» би ансамблі, «Әсем-ай» би студиясы қатысты. Жастар мәдениет үйінің өнер ұжымдары мен әншілері мерекелік бағдарлама ұсынды.
Концерттік бағдарлама басталмастан бұрын қала әкімі Абат Шыныбеков барша өңір тұрғындарын Тәуелсіздігіміздің темір қазығы, азаттығымыздың айбыны болып саналатын Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтады. Құттықтау сөзден соң Абат Абайұлы белсенділігімен көзге түскен үздік қызметкерлерді марапаттады. Үздік деп №8 өрт сөндіру бөлімшесінің аға нұсқаушысы Азамат Нұрбекұлы, "Жайық Таза Қала" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүргізушісі Ғұбайдолла Ғиниятұлы, "Жайық Таза Қала" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің учаскелік инженері Раниль Сайранұлы, "Орал Таза Сервис" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүргізушісі Талғат Жанайұлы, "Жайық таңы" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбаршын Мақсотқызы, волонтер Ырысбек Дастанұлы, №2 өрт сөндіру бөлімшесінің аға нұсқаушысы Нұрбол Мақсотұлы, "ЖайықЖылуҚуат" акционерлік қоғамы №1 жылу желілерінің қызмет көрсету учаскесінің слесарі Алексей Георгиевич, "Батыс Су Арнасы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің су құбырлары жүйесінің учаске басшысы Серік Қадырғалиұлы, №3 қалалық емхананың терапевт дәрігері Ирина Сергеевна, №1 қалалық емхана медбикесі Анна Владимировналар танылды.
Келесі кезекте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Надир Шамұратұлы шақырылды. Надир Құрымбаев Қазақстан Республикасы Конституциясы күні қарсаңында 16 жасқа толған азаматтарға жеке куәлігін салтанатты түрде табыстап, барша жиналған қауымды Ата Заң күнімен құттықтап өтті.
Шара әуелеген әсем әндермен және мың бұралған бишілердің өнерімен жалғасын тапты. Шара барысында түрлі күйлер орындалып, партиоттық өлеңдер оқылды. Шара барысында түрлі Халықаралық, Республикалық байқаулардың лауреаттары да өнер көрсетті. Шара карантиндік талаптарға сай өткізілді. Бимен көркемделген әсем ән, жан тебірентерлік орындау көрерменнің көңілінен шықты.