Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай шаһарында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Ақсай қаласы күні мерекесіне орай бәйге түрлерінен «Жайық жүйрігі- 2021» атты Батыс Қазақстан облысының ашық чемпионаты өткізілді. Бөрлі ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі және БҚО «Бәйге» федерациясы қоғамдық бірлестігінің бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілген дүбірлі додаға облысымыздың шабандоздарымен қатар көршілес мемлекеттерден, облыстардан сәйгүліктер қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Солтүстік айналым жолының Ат шабар алаңында өткізілген аламан сайыстың ашылу салтанатына Бөрлі ауданының әкімі Сатқанов Миржан Мұнайдарұлы мен БҚО «Бәйге» федерациясының атқарушы директоры Байзуллин Сатқали Демисинұлы қатысып, қала тұрғындарын мерекелерімен құттықтап, шабандоздарға сәттілік тіледі. Сонымен қатар ардагер атбегі Серікқалиев Мүтәлі ақсақал жиналған барша қауымға батасын берді. Шара барысында БҚО «Бәйге» федерациясы қоғамдық бірлестігінің Президенті Берік Абатұлы, аудан азаматтары Талғат Уразгалиевич, Тұрар Галимович, Булат Фараджевич, Мұрат Тұрақұлы, Нұрболат Григорьевич, Сабыр Мухамбетовичтер батыс өлкесінде және ауданымызда ұлттық ат спортын дамытуға қолдау білдіріп, ерекше жанашырлық танытып жүргендері үшін аудан әкімдігі атынан алғыс хаттармен марапатталды.
Жүйріктерді анықтауға бағытталған аталмыш жарысқа жалпы саны 123 сәйгүлік, нақтылап өтсек "Ернұр-Ж" ШҚ тайлары қатысқан 3 шақырымдық Тай бәйгесіне 10 тай, 6 шақырымдық Тай бәйгесіне 27 тай, 12 шақырымдық Құнан бәйгесіне 21 жылқы, 21 шақырымдық Топ бәйгесіне 29 жылқы, 31 шақырымдық Аламан бәйгесіне 36 жылқы қатысып, араларынан кіл жүйріктер анықталды. Дүбірлі додаға Нұр- Сұлтан қаласы, Ресей Федерациясы, Орынбор қаласы, Алматы облысы, Атырау облысы, Ақтөбе облысы, Қарағанды облысы, Маңғыстау облысы, Батыс Қазақстан облыстарынан командалар қатысты.
Бәйге қорытындысы бойынша өзгелерден оза шапқан шабандоздар жүлделі орындарға ие болып, автокөлік, мотоцикл, 1000000 теңге сынды бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жүлдеге ие болған әр шабандозға ақшалай сыйлық табыс етілді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге жүлде қорын тағайындаған Бөрлі ауданының әкімдігі, БҚО «Бәйге» федерациясы және "Ернұр-Ж" ШҚ. Жеңіс тұғырына көтерілген шабандоздар дипломдармен, медальдармен, кубоктармен және сертификаттармен марапатталды. Тиісті жүлде қорынан бөлек Құнан бәйге, Топ бәйге және Аламан бәйгеде төртінші болып мәреге жеткен шабандоздарға атыраулық атбегілер 50 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен демеушілік танытты.