Ақтөбе облысының полиция қызметкерлері жолдағы жағдайды бақылау және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында ұшқышсыз ұшу аппараттарын белсенді қолдануда, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Әуеден бақылау жүргізетін дрондар жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерін жедел анықтауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, қарсы бағыттағы жолаққа шығу, басып озу қағидаларын бұзу және жол қозғалысына қауіп төндіретін өзге де құқық бұзушылықтар тіркеледі. Дрондар арқылы алынған ақпарат нақты уақыт режимінде жақын маңдағы патрульдік полиция экипаждарына жіберіледі. Соның нәтижесінде құқық бұзушыларға қатысты заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Жыл басынан бері ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен жол қозғалысы ережелерін бұзудың 300-ден астам дерегі анықталған. Полицияның мәліметінше, дрондарды пайдаланудағы басты мақсат – жол-көлік оқиғаларының алдын алып, азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.