Жамбыл облысында полиция студенттік жатақханалардағы профилактикалық жұмыстарды күшейтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілішсі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жамбыл облысының полицейлері колледждердің студенттік жатақханаларында жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқықтық мәдениетін қалыптастыру мақсатында профилактикалық іс-шаралар жүргізуде. Бірнеше күн ішінде ювеналды полиция бөлімшелерінің қызметкерлері өңірдегі 19 студенттік жатақхананы аралады. Кездесу барысында студенттерге ішкі тәртіп ережелерін, оның ішінде белгіленген уақыт режимін сақтау, алкогольдік ішімдіктерді тұтыну мен темекі шегуге жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ буллинг, бұзақылық пен төбелестің алдын алуға ерекше назар аударылды. Студенттерге жанжалдың, әсіресе пышақ, кастет және денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін өзге де заттарды қолданудың қауіптілігі түсіндірілді. Мұндай әрекеттердің құқықтық салдары мен заңнамада көзделген әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік ескертілді.
Құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында жатақханалардың кіреберісіне құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік туралы ақпараттық жадынамалар орналастырылды. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері колледж әкімшілігі және жатақхана кезекшілерімен жұмыс кездесулерін өткізді. Онда өткізу режимін сақтау, студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жанжал жағдайларын дер кезінде анықтау және ықтимал құқық бұзушылықтар туралы полицияға жедел хабарлау мәселелері талқыланды. Профилактикалық жұмыстардың басты мақсаты – құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу ғана емес, сонымен қатар студенттердің қауіпсіз ортада тұруына жағдай жасау, өзара сыйластық пен заң талаптарын сақтауға деген жауапкершілікті қалыптастыру.