Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындап берген бірқатар міндеттер аясында телекоммуникациялық инфрақұрылымды цифрлық экономиканың негізі ретінде дамыту мәселесі қаралды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Саланың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев баяндады. Сондай-ақ «Freedom Cloud Holding», «КаР-Тел», «Кселл», «Мобайл Телеком-Сервис» телекоммуникациялық компанияларының басшылары баяндама жасады.
«Байланыс саласын дамыту – елімізді цифрландырудың негізгі шарттарының бірі. Мақсатымыз – цифрлық теңсіздікті жою. Қай жерде тұрса да, əр азамат цифрлық мүмкіндіктерді бірдей пайдалана алуы керек. Байланыс саласы тұрақты өсіп келеді. Биыл салаға кемінде 500 миллиард теңге инвестиция салынуы күтіледі. Сонда үш жылда салынған инвестицияның жалпы көлемі 1,3 триллион теңгеден асады. Соңғы 2 жылда мобильді интернеттің орташа жылдамдығы секундына 73,6 мегабиттен 93,4 мегабитке дейін өсті. Болжам бойынша, биыл интернет-трафик көлемі 2024 жылмен салыстырғанда екі еседен астам өседі», — деді Жаслан Мәдиев.
Оның айтуынша, Қазақстанда 6060 ауыл бар. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында биыл жыл соңына қарай оптикалық желі тартылған ауылдардың жалпы саны 3 704-ке жетеді. Бұл – елдегі ауылдардың 61%-ы. Келесі жылы оптикалық желі тағы 1 863 ауылға дейін жетеді. Сонда елдегі ауылдардың 92%-ы оптикалы желімен қамтылады. Қалған 8%-ы – желі тарту қиын шалғай ауылдар, олар спутниктік интернетпен қамтылады. Жобаның жүзеге асу барысы ерекше бақылауда. «Қазақтелеком» жұмысты жеделдетіп, жоспарланған шараларды белгіленген мерзімде аяқтауы тиіс.
Қазір ауылдардың 84%-ында мобильді интернет қолжетімді. 3G базалық стансалары жаңартылып, 4G-ге көшірілуде. Қалалар мен ауылдарда 5G желісі де кеңейтілуде. 2027 жылдың соңына дейін 3G-ден толық бас тарту жоспарлануда. Сол уақытқа қарай 4G желісі 5 291 ауылды, ал 5G желісі 70 қала мен 300 ауылды қамтуы тиіс. Нəтижесінде мобильді интернет елдегі ауылдардың 92%-ында қолжетімді болады.
«Əкімдіктер базалық стансаларды орнатуға жер учаскілерін уақтылы бөліп, электр желісін тартуы тиіс. Бұл операторларға мобильді байланыс желісін тезірек кеңейтуге мүмкіндік береді. Алдағы міндет – республикалық жəне облыстық маңызы бар жолдардың 40 мың шақырымын мобильді байланыспен қамту. Ол үшін антенна орнатылатын 500-ден астам мұнара салу қажет. Əзірге құрылыс баяу жүріп жатыр. Жобаның инвесторы «Транстелеком» құрылысты жеделдетіп, нысандарды 2027 жылдың соңына дейін пайдалануға беруі тиіс», — деді ол.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, 2024–2025 жылдары 1052 байланыс сапасы нашар аумақ анықталды.
Оның 213-інде мəселе осы күнге дейін шешілген жоқ. Əкімдіктер осы учаскелердің əрқайсысында байланыс нысандарына жер бөліп, оларды электр желісіне қосуды қамтамасыз етуі тиіс. Операторлармен бірге тұрғындарға жабдықтың қайда орнатылатынын жəне байланыс сапасының қалай жақсаратынын түсіндіруі керек. Биылғы жоспарлы өлшеу кезінде тағы 289 байланыс сапасы нашар аумақтар анықталды. Оның 70-інде мəселе шешілді.
Жұмыстар созылып жатқан жерлерде операторлар алаңдар мен байланыс мұнараларын бірлесіп пайдалануы керек. Қайта өлшегенде байланыстың тұрақты екені расталса ғана учаске бақылаудан алынады. Əкімдіктер Мемлекеттік радиожиілік қызметімен тест-драйв өткізуге арналған шарт талаптарын алдын ала келісуі тиіс. 2027 жылғы қаңтардан бастап əкімдіктер уəкілетті органмен бірге елдегі барлық ауылда мобильді байланыс сапасын тексеруге кірісуі керек.
«Елімізде ауылдардың арасы алшақ. Оптикалық желі тарту қиын шалғай ауылдарды спутниктік интернетке қосып жатырмыз. Бұл – цифрлық теңсіздікті азайтудың бір жолы. 1 қазанда OneWeb жəне Starlink спутниктік байланыс операторларына лицензия берілді. Beeline жəне Starlink Mobile компанияларымен бірге Direct-to-Cell технологиясын іске қостық. Смартфон спутникке тікелей қосылады. Соның арқасында еліміздің кез келген жерінен хабарлама жіберіп, интернеттің негізгі қызметтерін пайдалануға болады. Қызмет Android құрылғыларында қолжетімді. Оны iOS жүйесіне де бейімдеп жатырмыз. Келесі жылы Қазақстан нарығына Shanghai Spacecom Satellite Technology жəне Amazon LEO шығады деп күтілуде. Нəтижесінде Қазақстан осы төрт оператордың да жерүсті стансалары орналасқан Орталық Азиядағы алғашқы ел болмақ. Стансалардың ел аумағында орналасуы ұлттық қауіпсіздік талаптарына сай келеді.
Жол үстінде де интернет қолжетімді болуы керек. Көлікті, туристік нысандарды жəне шекарадағы өткізу пункттерін желіге қосып келеміз. Air Astana бір ұшағын OneWeb спутниктік интернетіне қосты. Келесі жылы тағы 20 ұшақты қосу жоспарлануда.
ҚТЖ-ның 1 500 жолаушылар вагонында Starlink спутниктік желісі арқылы Wi-Fi қолжетімді. Биыл туристер жиі баратын 10 локация мобильді интернетке қосылды. Келесі жылы тағы 50 локацияны қосу жоспарлануда. Шекарадағы өткізу пункттерінің барлығы оптикалық желі жəне спутниктік байланыс арқылы интернетпен қамтылды», — деді министр.
Еуропа мен Азия арасындағы интернет трафикті Қазақстан арқылы өткізу мүмкіндігі кеңейтілуде. Биыл 15 қазанда Транскаспий талшықты оптикалық байланыс желісін іске қостық. Негізгі жұмыстар 2025 жылы басталып, екі жылға жетпей аяқталды. Енді Қазақстан мен көрші елдер деректерді Каспий арқылы қосымша бағытпен жібере алады. Байланыс үзілмеуі үшін операторлар Каспий теңізінің түбімен резервтік желі тартуы тиіс. Қорғас пен Ақтау арасында «Батыс – Шығыс» магистралі салынып жатыр. Желінің 87%-ы тартылды. Жұмысты келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр. Осы екі магистраль Қазақстан арқылы өтетін трафик көлемін арттырып, деректерді жеткізу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Қазақстанның Еуропа мен Азия желілерімен сенімді байланысы халықаралық компанияларды «Дата-центрлер алқабы» жобасына тартуға көмектеседі. Бұлттық қызметтер мен жасанды интеллект жүйелеріне қажетті есептеу қуатын арттыруда. Соңғы үш жылда елімізде бірнеше дата-центр іске қосылды. Соның бірі – мемлекеттік цифрлық жүйелерді орналастыруға арналған Астанадағы мемлекеттік органдардың дата-центрі. Тағы 3 дата-центрді іске қосу жоспарланған. Олар ел ішінде дерек сақтауға, өңдеуге жəне мемлекеттік органдар мен бизнеске арналған бұлттық қызметтерді дамытуға мүмкіндік береді. Осылайша, Қазақстанда сенімділігі жоғары, Tier III жəне Tier IV талаптарына сай инфрақұрылым құрылуда.
Екібастұзда «Дата-центрлер алқабы» жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Ол – ірі tech-компаниялар дата-центрлер мен есептеу кластерлерді орналастыра отырып, AI модельдерін дамыта алатын алаң болмақ. Жоба NVIDIA жəне халықаралық бұлттық қызмет провайдерлерімен бірге жүзеге асырылуда. 2029 жылға қарай алқаптың жалпы қуатын кемінде 1 гигаваттқа жеткізу жоспарланған. Құрылыс жұмыстары басталды.
«Келесі жылы жалпы қуаты шамамен 300 мегаватт болатын дата-центрлерді іске қосамыз. Алқапта білікті мамандар үшін жаңа жұмыс орындары ашылуы тиіс. Қазақстандық мамандар озық есептеу жүйелерімен жұмыс істеп, тəжірибе жинай алады. Байланыс нарығын дамыту жəне қызметтерді халыққа қолжетімді ету үшін заңнаманы да жетілдіріп келеміз. 19 маусымда телекоммуникация жəне дата центрлер нарығын дамытуға қатысты заң қабылданды. Түзетулердің бірінші тобы байланыс сапасы мен қолжетімділігіне қатысты. Азаматтар eGov Mobile, eOtinish жəне Aitu ұлттық мессенджерін пайдаланғанда мобильді трафик үшін ақы төлемейді. Нөлдік баланс кезінде де мемлекеттік қызмет алып, өтініш жолдай алады. Операторлар жұмысының ашықтығын арттыратын нормалар да қабылданды. Байланыс нысандарын салуға жер бөлу тəртібі жеңілдеді. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда да байланыс желілерін тартуға болады. Бұл ретте əр аумаққа белгіленген қорғау режимін сақтау міндетті. Бұл өзгерістер шалғай елді мекендер, ауылдар мен туристік аймақтарға байланыс желісін тезірек жеткізуге мүмкіндік береді», — деді Жаслан Мәдиев.
Екінші блок – байланыс инфрақұрылымын дамыту. Енді радиожиіліктерді пайдалануға рұқсат белгілі бір мерзімге беріледі. Осылайша, жиіліктерді тиімді бөліп, олардың бос тұруына жол берілмейді. Сондай-ақ, IoT желілері жəне сымсыз байланыс технологиясын дамытуға құқықтық негіз қалыптасады. Виртуалды операторлардың жұмыс тəртібі мен спутниктік байланыс жүйелерін пайдалану шарттары жаңартылды. Бұл жаңа буындағы спутниктік жүйелерді кеңінен қолдануға мүмкіндік береді. Шалғай елді мекендерде интернетке қосылу мүмкіндігі артып, спутниктік байланыс нарығында бəсеке күшейеді. Халықаралық интернет-трафиктің Қазақстан арқылы кедергісіз өтуі де заңмен бекітілді. Бұл еліміздің өңірлік цифрлық хаб ретіндегі орнын нығайтады.
Үшінші блок – байланыс инфрақұрылымын қорғау жəне алаяқтықпен күрес. Енді абоненттерді интернетке қосу жəне халықаралық IP-телефония қызметін көрсету үшін операторларға лицензия қажет. Байланыс операторларының Ұлттық Банктің Антифрод-орталығымен бірлесіп жұмыс істеу тəртібі бекітілді. Заңды тұлғалардан келетін қоңырауларды таңбалау енгізіліп жатыр. Қай ұйымның қоңырау шалып тұрғанын абонент телефон экранынан көре алады. Ұялы байланыс нөмірін тіркеу үшін абонент биометрия арқылы растаудан өтуі қажет. Мобильді құрылғыларды тексеру тəртібі де нақтыланды. IMEI коды бойынша тексеру елге заңсыз əкелінген телефондар мен коды өзгертілген құрылғыларды анықтауға көмектеседі.
«Енді мобильді интернеттің бағасына тоқталайын. Қарашадағы рейтингте Қазақстан интернеті жылдам 55 елдің арасында мобильді интернет тарифінің қолжетімділігі жағынан 7-ші орында тұр. Елімізде мобильді байланыстың орташа тарифі – айына шамамен $10. Əлемдік орташа көрсеткіш – $27. Яғни, еліміздегі тариф үш есеге жуық арзан. Интернет-трафик өсіп келеді. Байланыс жылдамдығын арттырып, 5G желісін кеңейту үшін операторлар желіге инвестиция салуы керек. Балансты сақтау маңызды. Тарифтер халыққа қолжетімді, ал байланыс саласы инвесторлар үшін тартымды болып қалуы тиіс», — деді Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Қазақстан алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының цифрлық үкіметті дамыту рейтингінде ең жоғары санатқа енді. Бұл санатқа Оңтүстік Корея, Дания, Сингапур сияқты 21 ел кіреді. Екі жылда Қазақстан осы рейтингте 194 елдің арасында 24-орыннан 16-орынға көтерілді. Байланыс инфрақұрылымын дамыту бойынша əлемде 41-орыннан 13-орынға көтерілдік. Екі жылдағы өсім – 28 саты. Екі көрсеткіш бойынша да ТМД мен Орталық Азия елдері арасында бірінші орындамыз. Бұл нəтижеге жүйелі жұмыстың арқасында жеттік. Оған Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру жəне жасанды интеллект жылында жүргізілген реформалар да ықпал етті.
Мемлекеттік қызмет көрсетуге де, экономика салаларына да жасанды интеллект технологияларын енгізілуде. Мемлекеттік цифрлық жүйелерді кезең кезеңімен QazTech платформасына көшірілуде. Заманауи цифрлық инфрақұрылым салуға инвестиция тартылуда. Халықаралық рейтингтер де осы жұмыстың нəтижесін көрсетіп отыр.