Елімізде мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында «Үздік педагог-2021» Республикалық байқауы қорытындыланып, нәтижесінде үздік атанған 64 педагогтың 5-і өңіріміздің мамандары атанды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Қазақстан Республикасының 30 жылдығы қарсаңында және көрнекті ағартушы, педагог Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы аясында өткізілген мерекелік шара биыл дәстүрлі түрде оныншы рет ұйымдастырылып отыр. Аталмыш мерейтойлық күнге байланысты іс-шара ұлы ағартушы-педагогтың туған жерінде оздырылды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздің үздік педагогтерін құттықтап, оларға төсбелгілер мен ақшалай сертификаттарды табыс етті.
Министр Асхат Аймағамбетов өз құттықтау сөзінде «Құрметті ұстаздар! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз - Мұғалімдер күнімен құттықтаймын. Биылғы «Үздік педагог» байқауы ерекше. Біріншіден, байқау ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып, ұлы ағартушы, педагог Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығымен тұспа-тұс келді. Байқауға қатысушылардан келіп түскен жұмыстардың саны көп болды. Өтінімдердің сапасы өте жоғары деңгейде болғандықтан, қазылар алқасына жеңімпаздарды таңдау қиынға соқты. Бұл елімізде кәсіби тұрғыда мықты педагогтердің қатары қалың екендігінің көрінісі деп білемін», - деді.
Аталмыш байқауға 173 педагог қатысып, қорытындысы бойынша қатысқандар арасынан 64 педагог жеңімпаз атанды. Оның 5-і Батыс Қазақстан облысының педагогтері, атап өтсек Бөрлі ауданы Ақсай қаласының №3 «Гүлдер» бөбекжайының тәрбиешісі Ельжанова Үміт Қайырғалиқызы, Тасқала ауданы С.Жақсығұлов атындағы ЖОББМ-нің география пәнінің мұғалімі Иргалиева Светлана Мидхатқызы, облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық-технологиялар мектеп-лицей- интернатының физика пәнінің мұғалімі Баенова Дәметкен, Ақжайық ауданы Абай атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ерментаева Әсел Сатқанқызы, Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Искакова Құралай Амангелдіқызы. Марапатқа ие болған әр ұстаз – білім ордаларының ғана емес, барша өңірдің мақтаныштары.
Сондай-ақ мұғалімдер күні қарсаңындағы салтанатты шарада білім беру саласының ардагерлері мен еңбек сіңірген қызметкерлері «Еңбек ардагері» медалімен, «Ы. Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды.
Сөз соңында «Ең бастысы, елімізде пандемия кезінде білім беру процесі тоқтаған жоқ. Біз осы бір жарым жылдың ішінде де балаларымызға білім бере алдық. Бұл әріптестеріміздің зор еңбегі деп санаймын. Сіздерге ризашылығымды білдіре отырып, зор денсаулық, табыс, бақ-береке тілеймін», - деді Асхат Аймағамбетов.