XVI халықаралық тау-кен металлургия конгресі және көрмесі Astana Mining & Metallurgy (AMM-2026) аясында старательдік қызметті дамыту және геологиялық барлау саласына цифрлық технологияларды енгізу мәселелеріне арналған бірқатар сараптамалық сессиялар өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
«Старательдік кен өндіруді заңдастыру және дамыту: шектеулерден мүмкіндіктерге дейін» сессиясында қатысушылар заңнаманы жетілдіру, лицензиялау тетіктерін дамыту, саланың ашықтығын арттыру және шағын бизнес пен халықты жер қойнауын ұтымды игеру процесіне тарту мәселелерін талқылады.
Негізгі баяндаманы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Жер қойнауын пайдалану мониторингі және дамыту департаментінің директоры Алмас Күшімов жасап, қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және саланы дамыту перспективалары туралы ақпарат берді.
Талқылауға мемлекеттік органдардың, Қазақстанның Бағалы металдар қауымдастығының, салалық ұйымдардың және сарапшылар қауымының өкілдері қатысты. Қатысушылар заңды старательдік қызметтің дамуы жаңа жұмыс орындарын құруға және инвестициялық тартымдылықты арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Конгресс аясында геологиялық барлаудағы цифрлық және геофизикалық шешімдерге арналған сараптамалық сессия да өтті. Сессия модераторы – «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Галиев.
Талқылау барысында геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында цифрлық технологияларды, заманауи геофизикалық әдістерді және халықаралық тәжірибені енгізу, сондай-ақ геологиялық-геофизикалық деректерді цифрлық қайта интерпретациялау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Пікірталасқа «Қазгеология» АҚ, BRGM (Франция), ERG Exploration, «Qazaq Geophysics» ЖШС, DERA (Германия) және EPAM Kazakhstan өкілдері қатысты.
Сарапшылар инновациялық шешімдерді енгізу геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелілігін арттырып, жаңа кен орындарын ашуға мүмкіндік беретін негізгі фактор екенін атап өтті.