Мемлекет басшысы Анталия дипломатиялық форумының панелдік сессиясына қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумының «Mapping Tomorrow, Managing Uncertainties» панелдік сессиясына қатысты. Іс-шараны Түркия Парламентінің депутаты, бұрынғы сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлы жүргізді.
Мемлекет басшысы Түркия Режеп Тайип Ердоғанның басшылығымен халықаралық аренадағы беделін арттырып келе жатқанын айрықша атап өтті.
– Ең алдымен, көреген көшбасшы Режеп Тайип Ердоғанның жетекшілігімен Түркияның осы аймақта зор рөл атқаратынын айтқым келеді. Өңір әлсін-әлсін бетпе-бет келіп отырған өзекті мәселелердің шешімін табуға елдеріміз айтарлықтай атсалыса алады деп ойлаймын. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Президент Ердоғанның келесі айда Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарына ерекше мән беріп отырғанымызды жеткізгім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Содан кейін Қазақстан Президенті биыл әлемдік қоғамдастық алдында тұрған және жақын перспективадағы халықаралық күн тәртібін қалыптастыратын негізгі сын-қатерлер мен үрдістер жөніндегі ой-пікірімен бөлісті.
– Дипломаттар мен саясаткерлер адамзат жолайрықта тұр дегенді мысал етеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннанның: «Біз әлі де жолайрықта тұрмыз» деп жиі айтатыны есімде. Халықаралық шиеленісті азайтуға қатысты айтар болсақ, бұл жағдай ешқашан өзгермейді. Қазіргі қақтығыстар өңірлік ауқымнан шығып, жаһандық сипатқа ие болды. Әрине, БҰҰ – баламасы жоқ әмбебап ұйым, сондықтан әрбір мемлекетке белгілі бір жауапкершілік жүктеледі. Біріккен Ұлттар Ұйымына қолдау көрсету керек екенін жұрттың бәрі айтады. Бұл – факт. Бірақ Ұйымға қолдау көрсетіп қана қоймай, оған реформа жасау керек. Бұл да шындық. Ашығын айтқан жөн, «Ұйымға тез арада реформа жасалады» дегенге ешкім сенбейді. Өйткені БҰҰ-ны реформалау, өзгерту, қызметін қайта қарау мәселесін көптен бері көтеріп жүрміз. Одан ешқандай нәтиже шыққан жоқ. Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау, ең алдымен, Қауіпсіздік Кеңесінен басталуы керек екенін мойындауымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі көшбасшылардың бойынан табылуға тиіс қасиеттерге тоқталды.
– Жаһандық көшбасшылар, әлемнің әр қиырындағы жекелеген мемлекеттердің жетекшілері, ең алдымен, халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауы қажет деп санаймын. Қазіргі сәтте стратегиялық ұстамдылық өте маңызды. Менің ойымша, бүгінгі күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы әлемдегі шиеленістердің түйінін тарқату аса қиын емес. Жай ғана жауапкершілік танытып, сабырлы болу қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты пікірін жеткізді. Президент келіссөздер барысында басты мәселелерге ден қою керек деп санайды.
– Әлемде орын алған жағдайларға байыппен қарауға кеңес берер едім. Мәселен, бәрі Иранды талқылап жатыр. Әрине, бұл елдегі ахуал өте күрделі. Оған қатысты қандай да бір пікір айту қиын. Қазақстан Шығанақтағы елдерге тілектестігін білдірді. Біз тараптарды стратегиялық ұстамдылыққа және әскери іс-қимылды тоқтатуға шақырдық. Бұл қақтығыстың ауыр салдарын бәрі сезінді. Ең әуелі экономика құлдырады. Бүгінде Ормуз бұғазында кемелердің еркін жүзуіне қойылған тосқауыл туралы айтылып жатыр. Бірақ дәліздің қақтығысқа дейін еркін сауда жасауға ашық болғанын ескеру қажет. Сондықтан мәселенің мәніне үңілгеніміз жөн. Ал түйткіл ядролық технология мен ядролық қарудың таралуында еді. Бұл Иран төңірегіндегі қақтығысқа қатысты келіссөздердің басты тақырыбына айналуы керек. Бірақ қазір жаһандық сауда мәселесін талқылауға көшіп кеттік. Қиындықтарға қарамастан, ғаламдық сауда-саттық көлемі өсіп келеді. Былтырдың өзінде өсім 2,5 пайызды құрады. Яғни әлемдік саудадағы жағдай жаман емес. Алайда сауда-саттықтың сапасы мен мазмұны – үлкен проблема, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сонымен қатар Қауіпсіздік Кеңесі тұрақты мүшелерінің ұстанымын Ұйымдағы дағдарыстың басты себептерінің бірі ретінде атады.
– Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау туралы айтқанда, барынша прагматикалық көзқарас ұстануымыз керек деп санаймын. Әйтпесе, алдағы уақытта да жолайрық, стратегиялық құндылықтар мен басқа мәселелер жайында айта береміз. Біз жаһандық, өңірлік кездесулер, конференциялар мен түрлі жиындар өткіземіз. Қазақстан және Түркия сияқты орта державалардың маңызы мен оң ықпалын атап өткім келеді. Әрине, әлемде бізге ешкім тең келмейді деп мақтанудан аулақпын. Бірақ жаһандық үдерістерде жоғары деңгейде жауапкершілік танытып жүрміз. Мұны дипломатиялық іс-әрекетіміз көрсетіп отыр. Сондықтан жаһандық мәселелердің шешіміне жиі қарсы келетін Қауіпсіздік Кеңесіндегі ірі державалардан гөрі орта державалардың жауапкершілігі жоғары десек, артық болмайды, – деді Мемлекет басшысы.
Келесі сұрақты қояр алдында Мевлют Чавушоғлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиядағы тәжірибесінің мол екеніне назар аударды.
– Президент Тоқаев – халықаралық жүйені, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымын өте жақсы білетін әлемдік көшбасшылардың бірі. Ол БҰҰ Бас хатшысының орынбасары лауазымында қызмет еткенін білесіздер. Сол уақытта мен Еуропа Кеңесі Парламенттік ассамблеясының төрағасы болдым. Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас Қазақстан халқының игілігі жолында аянбай еңбек ете жүріп, халықаралық жүйенің тиімділігін барынша арттыруға үлес қосып келеді, – деді модератор.
Мемлекет басшысы БҰҰ мен басқа да халықаралық институттарды жетілдіру жөніндегі ойымен бөлісті.
– Біз өңірлік және жаһандық қақтығыстарды талқылаймыз. Алайда Сіз Түркияның бұрынғы сыртқы істер министрі ретінде келіссөздер БҰҰ мен басқа да ірі халықаралық ұйымдар алаңында емес, одан тысқары жерлерде өтіп жатқанын аңғарған шығарсыз. Тараптар БҰҰ-да емес, белгілі бір елдердің астаналарында, жекелеген конференц-залдарда кездеседі. БҰҰ жоғары өкілдерінің қақтығыстарға араағайындық жасағанын көре бермейміз. Бұл ойланатын мәселе. Демек БҰҰ-ның рөлі төмендеп кетті деген сөз. Мен оған қатты алаңдаймын. Өйткені өзім де БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдарда қызмет еттім. Қазір жұрт келесі БҰҰ Бас хатшысы кім болады деген тақырыпты талқылап жатыр. Менің ойымша, бұл аса маңызды емес. Ең басты түйткіл, ұйым қазіргі күйінде әрі қарай қызметін жалғастыра ала ма? – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің халықаралық ұйымдар қызметіне ықпалын зерделеуге шақырып, жаһандық Ұйымды түбегейлі реформалау қажет екеніне тоқталды.
– Әлгінде айтқанымдай, өте өзекті халықаралық мәселелердің шешілуіне Қауіпсіздік Кеңесінің өзі кедергі келтіріп отыр. Бұл оғаш, бәлкім, ақылға сыймайтын жағдай. Адамдар, дипломаттар мен саясаткерлер басқа алаңдарда келіссөз жүргізуге мәжбүр. Айтпақшы, бұл проблеманы былтыр қыркүйек айында өткен БҰҰ Бас ассамблеясының кезекті сессиясында Президент Дональд Трамп дәл сипаттады. Мен онымен толық келісемін. Ол БҰҰ штаб-пәтеріндегі бұзылған телесуфлер мен эскалаторды сынға алып, «БҰҰ-да бәрі істен шыққан!» деді. Алайда ең маңызды мәселе – Біріккен Ұлттар Ұйымында және басқа да халықаралық құрылымдарда бейбітшілікті сақтау үдерісі тоқырап тұр. Мен – көпжақты дипломатияның жақтаушысымын. Бейбітшілікке бастайтын әділдік идеясының төңірегіне топтасқан адамзаттың жарқын болашағына әлі де сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, БҰҰ-ға уақыт талабына сай келмейтін идеялар мен ұстанымдардан арылу қажет.
– Аталған Ұйымның негізі 80 жыл бұрын қаланды. Кейбір адамдар ұйым әбден ескірді, құлдырап бара жатыр деген пікір айтады. Келісуге тура келеді. Бізге БҰҰ Жарғысына мұқият мән берген жөн. Жарғыда «дұшпан мемлекеттер» деген ұғым бар. Рас, 80 жыл бұрын бәрі түсінікті еді. Ал қазір әлгі «жау елдер» Ұйымды қаржыландыру және бейбітшілікті қолдау ісінде маңызды рөл атқарып отыр. Ең бастысы – БҰҰ-ның беделін көтеріп, тиімділігін арттыру, – деді ол.
Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев превентивті дипломатияның қақтығыстарды тоқтатуда өте өзекті екеніне мән берді.
– Бұл тақырып бұрыннан талқыланып келеді, кемінде 30 жыл болды. Бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Жағдай ділмәр сөз, декларация күйінде қалып жатыр. Өңірлік және жаһандық шиеленістерді болжауға баса мән берген жөн деп ойлаймын. Превентивті дипломатия дегеніміз – осы. Сонымен қатар біз көпжақты тиімді дипломатияға қолдау көрсету үшін күш-жігерімізді біріктіру керек, – деді Қазақстан Президенті.
Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давкова Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ өз жұмысында превентивті дипломатияға баса назар аудару керек деген пікіріне қолдау білдірді.
– Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропа Одағы әу баста әлемде бейбітшілік орнату үшін құрылған. Дегенмен екі құрылым да соғыспен бетпе-бет келіп, сәтсіздікке ұшырады. Неліктен бұлай болды? Өйткені превентивті дипломатия жоқ. Тоқаев мырза превентивті және проактивті дипломатия жайында айтты. Саяси шешімдер қабылдауда бізге осындай оң үлгі жетпей тұр, – деді Солтүстік Македония Президенті.
Сондай-ақ панелдік пікірталасқа Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе қатысты.
