Ақмола облысының тасжолында Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан азаматтары құтқарылды, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақмола облысында полиция қызметкерлері мен құтқарушылар Астана – Петропавл республикалық автожолында істен шыққан автобустың жолаушыларына дер кезінде көмек көрсетті. Көлік салонында Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Республикасының азаматтары болған. Шымкент қаласына бағыт алған автобусты жол бойындағы кезекшілік барысында патрульдік полиция батальоны 2-взводының инспекторлары байқайды. Азат Ысқақов пен Айқын Бейсенбаев көліктің тоқтап қалуына қозғалтқыштың істен шығуы себеп болғанын анықтаған. Автобус ішінде оннан астам жолаушы болған. Ауа температурасының нөлден төмен болуы мен жолаушылардың қауіпсіздігін ескерген полиция қызметкерлері жедел түрде төтенше жағдайлар қызметіне хабар берген.
Құтқарушылар жеткенге дейін тәртіп сақшылары жолдың аталған бөлігінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Шұғыл қызмет өкілдері келген соң жолаушылар Макинка ауылындағы жылыту пунктіне жеткізілді. Сонымен қатар жауапты мекемелердің үйлестіруімен техникалық ақауы бар автобус арнайы техника көмегімен эвакуацияланды. Азат Ысқақовтың айтуынша, қыс мезгілінде мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Төмен температура мен ұзақ сапар көлік құралдарында техникалық ақаулардың туындау қаупін арттырады. Құқық қорғау органдары жүргізушілерді, әсіресе жолаушылар тасымалымен айналысатын азаматтарды алыс жолға шығар алдында көлік құралдарының техникалық жағдайын мұқият тексеруге шақырады. Бұл — жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және төтенше жағдайлардың алдын алудың басты шарты.