Астанада 17-18 қаңтар күндері дәстүрлі демалыс күнгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр. Іс-шара отандық өндірушілерді қолдау және қала тұрғындарын қолжетімді бағада жаңа піскен өніммен қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жәрмеңке 17 және 18 қаңтар күндері сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін Алаш тасжолы, 35Б мекенжайында орналасқан Keryen Joly сауда орталығында жұмыс істейді.
Жұртшылыққа ыңғайлы болу үшін мұнда Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен келген фермерлер мен өндірушілердің өнімдері ұсынылған. Келушілерге ет және ет өнімдері, көкөністер мен жеміс-жидектер, сүт және ұн өнімдері, нан-тоқаш өнімдері, табиғи шырындар, тосап пен джемдердің кең ассортименті ұсынылады.
«Біз ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін қала тұрғындары жаңа піскен өнімді арзан бағада сатып алуы үшін өткізіп отырмыз. Бұл – фермерлер үшін де ыңғайлы алаң. Ауыл еңбеккерлері өз өнімдерін делдалсыз, тікелей қала тұрғындарына сата алады», – деді Keryen Joly сауда орталығының коммерциялық директоры әрі жәрмеңке ұйымдастырушысы Айтуған Күзербаев.
Жәрмеңкеге Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Абай облыстары және басқа да өңірлердің өкілдері қатысуда. Негізгі басымдық ет өнімдеріне берілген. Сонымен қатар Қызылорда облысынан картоп пен күріш, Қарағанды мен Павлодардан ұн, Түркістан және Алматы облыстарынан жеміс-жидек жеткізілген.
Қыс мезгілінде жәрмеңкеде импорттық өнімдер де төмендетілген бағада ұсынылады.
Кәсіпкерлер мұндай жәрмеңкелер сатушылар мен сатып алушылар үшін де тиімді екенін атап өтуде.
Жәрмеңкеге келушілер де өнімнің түр-түрін және қызмет көрсету сапасын жоғары бағалауда.
Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін жәрмеңке өтетін орын маңынан №7, 11, 39, 41, 45, 53, 59, 81, 307 және 317 бағыттағы автобустар қатынайды.