Түркістан облысының құтқарушыларына жоғары өтімді Toyota HILUX автокөліктерінің кілттері салтанатты түрде табысталды. Жаңа техника жолсыз және таулы жерлерде жедел жұмыс істеуге арналған.Шараға Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Кеген Тұрсынбаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев , сондай-ақ Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы мен жеке құрамы қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Төтенше жағдайлар вице-министрі халық санының өсуі мен технологиялардың дамуына орай құтқарушыларды жаңа техника және жабдықтармен қамтамасыз етудің аса маңызды міндет екенін атап өтті. Ол бұл жұмыстың алдағы уақытта да жалғасатынын, құтқарушылардың халық игілігі үшін сапалы әрі үздіксіз қызмет көрсетуін қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар атқарылатынын айтты.Облыс әкімінің орынбасары құтқарушыларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жаңа техника – адам өмірін сақтауға, халықтың амандығын қамтамасыз етуге септігігін тигізетінін атап өтті.Аталған іс-шара Түркістан облысында азаматтық қорғау жүйесін нығайтуға, тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.Осындай автокөліктерді пайдалану құтқарушыларға қиын жететін аудандарға жылдам жетуге, барлау жүргізуге және төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде қажетті жабдықты жеткізуге мүмкіндік береді.