Алматы әкімі Дархан Сатыбалды «Қалқаман» метро бекетінің құрылысы және «Бауыржан Момышұлы» мен «Қалқаман» бекеттері арасындағы аралық аумақта атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сол жақ аралық тоннель толық аяқталған. Құрылыс-монтаж жұмыстарының толық кешені орындалды: түйіспесіз рельс жолы төселіп, жарықтандыру, бейнебақылау, өрт және күзет дабыл жүйелері, инженерлік желілер мен дренаж орнатылды. Сонымен қатар арнайы платформада сынақ жүрісі жүргізілді.
Оң жақ тоннельді қазу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда жоспарланған 1 590 метрдің 1 390 метрі қазылды. Жұмыс тәулік бойы жүргізілуде, дайын бөлігінде рельстер төселіп, инженерлік желілерді монтаждау жалғасып жатыр.
«Қалқаман» бекетінде монолитті құрылымдарды тұрғызу жұмыстары аяқталу сатысында. Әрлеу жұмыстары мен инженерлік жүйелерді орнату жүргізілуде. Жобаға 470-тен астам маман тартылған. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталады деп жоспарланған.