12 қыркүйек күні Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрында Орал қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қолдауымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және «Қала күні-2021» мерекесіне орай «Қарақат» мектеп-студиясы шәкірттерінің «Оралым – өнер самғаған» атты мерекелік концерті өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz.
«Мәдени-ағарту бірлестігі» ұйымдастыруымен өткізілген шараға қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысы С.Қайрлиев қатысып, арнайы қала әкімі А.Шынбековтың атынан «Қарақат» мектеп-студиясының ұжымына алғыс хат табыс етті. Бүгінде 13 жылдық тарихы бар “Қарақат” мектеп студиясы талай жеткіншекті білім нәрімен сусындатып, өміріне бағыт-бағдар беретін өнер мектебі ретінде қызмет атқаруда. Аталмыш мектеп қазіргі таңда еліміздің 12 қаласында жұмыс жасап, жеткіншектерге қазақтың ән өнерін дәріптеуге өз үлесін қосып келеді.

Сонымен қатар қала күні мерекесі аясында Орал қаласындағы Оқушылар сарайы жаңа оқу жылын салтанатты түрде ашты. Осы ретте сарайда «Бақытты балалар – Тәуелсіз елдің тірегі!» атты шара ұйымдастырылып, «Сәулет ғимараттары – сыр шертеді» тақырыбында көрме қойылды. Ашық алаңда өткізілген шараға қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Айтжан Даумова, облыстық мәслихат депутаты Ляна Тұрсынова, қамқоршылық кеңестің мүшелері, үйірмелердің тәрбиеленушілері мен ата-аналар қатысты.

Сарай директоры Шолпан Сисенова Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай ашылған оқушылар сарайының бес жыл қатарынан қызмет етіп келе жатқанын айтып өтті. Биыл мұнда 83 үйірме жұмыс жасайтын болады. Оның ішінде «Ұшқыр ой алаңы» дебаттық қозғалысы, волонтерлық қозғалыс, «Мақашева театры» сынды жаңа үйірмелер, математика, физика, химия, география, биология пәндері бойынша зерттеу алаңдары жұмысын бастамақ. Жалпы биылғы оқу жылында 4 мыңдай оқушы қамтылатын болады.

