2021 жылғы 6 қыркүйек күні Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Тілдің мерейі – елдің мерейі» атты қалалық тіл фестивалі оздырылды. Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған шара барысында тіл жанашырлары мен үздіктері марапатталды. Қалалық жастар мәдениет үйінде өткізілген шарада жыл бойы түрлі бағытта атқарылған шаралар қорытындысы берілді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Қонақтар назарына «Ару мекенім» атты сурет көрмесі ұсынылды. Қонақтар көрмені «Оралым» фольклорлық ансамблінің көрсеткен өнерінің аясында тамашалады.
Тіл мерейін асқақтату мақсатында ұйымдастырылған фестиваль «Тәуелсіздік» атты хореографиялық композициялық қойылыммен басталды.
Қойылым барысында ана тіліміз туралы ой қалдырған ұлы ақын-жазушыларымыздың бейнелері сомдалып, нақыл сөздері арқылы ана тіліміздің маңыздылығын көрерменге жеткізді. Келесі кезекте Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен жұмыстар жөнінде арнайы бейнеролик көрермен назарына ұсынылды.
Мерекелік шарада Орал қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Галиев құттықтау сөз сөйлеп, тіл жанашырлары мен үздіктерді қала әкімінің атынан алғыс хаттармен марапаттады.
Шара барысында елдегі тіл ахуалы жайында сөз қозғалып тіліміздің мәртебесінің түрлі салаларда өсіп жатқындығы тілге тиек етілді. Қаламызда бірыңғай тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Бұл бағытта Қазақстан Республикасының Тіл саясатын іске асырудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы басшылыққа алынып, түрлі шаралар өткізілуде.
Аталмыш бағдарлама аясында Орал қаласының ономастикалық ахуалы біршама реттеліп келеді. 2021 жылы идеологиялық тұрғыдан ескірген, мемлекеттік тілдегі жазу транскрипциясы ретсіз 1 кент, 2 елдімекен, 1 алаң және 11 көшенің атауын қайта атау бойынша қоғамдық тыңдаулар өтіп, көпшілік тарапынан қолдау тапты. Өткен жылы 53 елді-мекен, көше-даңғыл атаулары өзгертілді.
Қазақ мектептерінде білім алатын оқушылардың санын арттыру күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі болып табылады. Осы бағытта қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «қазақ мектептерге қадам басайық» акциясын ұйымдастырып, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Мемлекеттің тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында көптеген байқаулар өткізілуде. Мемлекеттік қызметкерлер арасында «Ана тілім - арым», Қазақстан халқы ассамблеясының БҚО бойынша өкілдерінің арасында «Тіл – тұтастық туы», өндірістік кәсіпорындары мен коммуналдық мекемелері арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқаулар ұйымдастырылды. Аталмыш шаралар тіл мәртебесін өсіруге өз септігін тигізіп отыр.
Қаладағы қоғамдық көлік қызметі де тіл саясатын насихаттайтын үлкен сала. Осы бағытта жолаушылар тасымалы кәсіпорындарының басшыларымен кездесу ұйымдастырылып, бірқатар тапсырмалар берілді. Қала бойынша аялдама атауларын және аялдама павильондарын ретке келтіру жөніндегі жұмыс тобы құрылды.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
Орал қаласы