2021 жылдың 27 тамыз күні Қазақстан Республикасының Конституциясы мерекесіне орай "Белсенді ұзақ өмір" жобасы аясында ардагерлер арасында шахматтан турнир өткізілді. Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі "Мәдени-ағарту бірлестігі" МКҚК қарасты "Ардагер" клубының ұйымдастыруымен өткізілген шараға қала әкімінің орынбасары Е.Галиев қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Алғашқы құттықтау сөз кезегі қала әкімінің орынбасары Е.Галиевке және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Бергенге берілді. Шара қонақтары спортты серік еткен аға ұрпақ өкілдеріне разылығын білдіріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Шара халықтық "Ағалар әуені" вокалды тобының ән шашуымен жалғасты. Вокалды топ Е.Хасанғалиевтің "Айналдым елім", И.Жақановтың "Еділ мен Жайық" әндерін әуелетіп, нақышына келтіре орындады. Мерекелік ән шашудан кейін төреші ойын ережесімен таныстырып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Арнайы шахмат алаңында өткізілген шара ашық аспан астында өтті. Шара барысында қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімі жанындағы "Аулафит" жобасының тренері Қанат Досмағанбетов 20 минуттық тыныс алу жаттығуларын өткізді. Шахмат турниріне "Ардагер" клубының шахматшылары мен "Тең қоғам" әлеуметтік қолдау орталығының мүшелері қатысты.
Шахмат – ой-өрісті машықтандыратын, жылдам әрі дұрыс шешім қабылдауға баулитын, есте сақтау қабілетін жақсартуға үлес қосатын спорт түрі болғандықтан ардагерлердің бұл спорт түріне деген көзқарастары ерекше. Жарыс қатысушылары осы сынды жарыстардың жиі ұйымдастырылып тұруы дәстүрге айналса деген ізгі ниет білдірді. Ардагерлер арасындағы шахмат турнирінің қорытындысы бойынша Қ. Бақтыбаев І орын иеленсе, Д. Джантурганов ІІ орынды қанжығалады. Өз кезегінде А. Зейнеденов ІІІ орынға табан тіреді. Жеңімпаздарға сыйлықтармен қоса, диплом, алғыс хаттар табысталды.