2021 жылдың 27 тамыз күні Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауы оздырылды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және ҚР Конституциясы күніне орай ұйымдастырылған шараға Орал қаласындағы кәсіпорындар қатысты. Аталмыш байқаудың басты мақсаты - мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, мемлекеттік тіл саясатын насихаттай отырып, қолданыс аясын кеңейту болып табылады. Шараға Орал қаласы әкімінің орынбасары Е.Е.Галиев қатысып, құттықтау сөз сөйледі, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Байқаудың алғашқы кезеңінде қатысушылар өздерін таныстырып өтсе, екінші кезеңде «ҚР Тіл туралы» Заңы мен мемлекеттік тілге қатысты сұрақтарға жауап берді. Келесі кезеңде команда мүшелері мақал-мәтелдерді білу деңгейлерін көрсетіп, ұлттық құндылықтар дәріптелді.
Жарыстың соңғы кезеңінде ситуациялық сұрақтар қойылып, қатысушылар мәселенің шешу жолдарын қарастырып, жауап берді. Сайысқа қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы С. Е. Қайрлиев, М. Өтемісов атындағы БҚУ магистр-мұғалімі Н. А. Алмағамбетова, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ қазақ тілі мұғалімі З. Ғ. Габдуалиева, «Жайық үні» газетінің тілшісі К. Д. Байғалиева, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы А.Ұ. Жұмашева төрелік етіп, қатысушыларға әділ бағаларын берді.
Сайыс нәтижесінде «БатысЭнергоРесурсы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Бас жүлдені жеңіп алды. «ТМК-Казтрубпром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі І орынға, Орал «Зенит» зауыты ақционерлік қоғамы ІІ орынға ие болды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы ІІІ орынды еншіледі.
Мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру мақсатында осындай шаралар легі алдағы уақытта да жалғасын таппақ.