Ru  Kz
Барлық жаңалықтар

«Таза көмір» және эмиссияларға мониторинг жүргізудің автоматтандырылған жүйесі: Олжас Бектенов «Жасыл экономика» жөніндегі кеңестің отырысын өткізді

«Таза көмір» және эмиссияларға мониторинг жүргізудің автоматтандырылған жүйесі: Олжас Бектенов «Жасыл экономика» жөніндегі кеңестің отырысын өткізді
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Оған Экология және табиғи ресурстар, Энергетика министрліктерінің, ірі энергетикалық кәсіпорындардың  басшылары мен қоғам қайраткерлері қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының энергетика саласын жаңғырту бойынша «ең үздік қолжетімді техникаларға» көшу және орнықты даму есептілігін (ESG) кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға назар аударылды.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанның энергетика саласына ластаушы заттардың жалпы көлемінің жыл сайынғы шамамен 39%-ы тиесілі екенін баяндады. Өңірлер арасында ластаушы заттар көлемінің басым бөлігі Павлодар облысына тиесілі, ондағы негізгі ластаушылар – Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2. Сонымен қатар, Алматы қаласында да ауаның ластануының жоғары деңгейі сақталып отыр. 

Эмиссияларды қысқарту мәселелері бойынша «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» АҚ, «Екібастұз ГРЭС-2 стансасы» АҚ және «Алматы электр стансалары» АҚ басшылары тыңдалды. Орнықты даму қағидаттарын сақтау мақсатында үш нысанда эмиссияларға мониторинг жүргізудің автоматтандырылған жүйесі (МЖАЖ) енгізіледі. Деректер Экология министрлігіне нақты уақыт режимінде беріледі. Толық қосылу 2026 жылға жоспарланған.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Президенттің «таза көмір» технологияларын пайдалану жөніндегі тапсырмаларының орындалуы туралы хабардар етті. Мәселен, жүргізіліп жатқан жаңғырту шеңберінде жаңа кәсіпорындар неғұрлым қатаң экологиялық стандарттар мен талаптар негізінде жұмыс істеуде.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша міндеттер қойды. Біз "Жасыл экономикаға" көшу тұжырымдамасын дәйекті түрде жүзеге асырып келеміз, онда ауаның ластануын азайту және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша негізгі индикаторлар айқындалған. Оларға қол жеткізу – барлық жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тікелей міндеті. Өз кезегінде кәсіпорындар қоршаған ортаға эмиссияларды қысқартуды және күл-қоқыс қалдықтарын қайта өңдеуді қамтамасыз етуі қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Одан бөлек Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына энергетика саласын түпкілікті жаңғырту міндетін қойды.

«"Таза көмірдің" заманауи технологияларына тез көшу керек. Бұл көмір электр стансаларының тиімділігін арттырады және қоршаған ортаға зиянды заттар бөлуді азайтады. Әсіресе біз осындай қорға ие бола тұра, көмір генерациясынан бас тарта алмаймыз, бұл – объективті шындық. Сондықтан оны қолдана беретініміз анық. Бұл ретте көмірден энергия өндіретін барлық қуат көздері заманауи талаптарға сай болуы тиіс. Жаңа технологиялар көмірді жағу кезінде зиянды қалдықтар көлемін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Энергия көздерін жаңғыртудағы әрбір жұмыстың нәтижесі ластаушы заттарды ең аз бөлу талаптарына сәйкес болуға тиіс. Бұған ұмтылу керек және осы басты межеден ауытқымау қажет. Біздің алдымызда үш ЖЭО салу бойынша және Екібастұздағы жаңа энергоблоктар бойынша үлкен жобалар тұр. Бұл жаңа жобалардың барлығы зиянды қалдықтарды мүлдем шығармайтындай жаңа талаптар бойынша жүзеге асырылады», — деп атап өтті Премьер-министр.

Жиында Қазақстанның «KazWaste» қалдықтарды басқару қауымдастығының атқарушы директоры Вера Мұстафина, «Жасыл Академия» ғылыми білім беру орталығының директоры Бақыт Есекина, «Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы Айгүл Соловьева сынды қоғамдық ұйым өкілдері сұрақтар қойып, ұсыныстарын айтты.

Жиын қорытындысы бойынша Олжас Бектенов заманауи «таза көмір» технологияларына жедел көшуге қатысты шара қабылдауға тапсырма берді. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын салу жобаларын жүзеге асыру кезінде тек қана таза технологиялар қолданылуы керек.

Энергетика министрлігіне энергетика секторын цифрландыру бөлігінде ЖИ-дің озық технологияларын, сондай-ақ салада қолдану үшін қолда бар отандық цифрлық шешімдерді зерделеу тапсырылды.

Бұдан басқа, қайта өңдеу мен кәдеге жаратудың заманауи технологияларын енгізу арқылы барлық қалдықтарды кейіннен қайталама айналымға тарта отырып, барлық өнеркәсіптік қалдықтарды түгендеуді жүргізу тапсырылды.

*****

Қоршаған ортаға теріс әсерді азайту үшін Қазақстандағы ең ірі ТОП-50 компания «ең үздік қолжетімді технологияларды» енгізу негізінде кешенді экологиялық рұқсаттар алу рәсімін бастады. Бүгінде тиісті жол карталары жүзеге асырылуда.

«Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» АҚ, «Екібастұз ГРЭС-2 стансасы» АҚ және «Алматы электр стансалары» АҚ-лардың кәсіпорындары Энергетика министрлігі бекіткен газ тазарту жүйелерін кезең-кезеңімен жаңғыртуды, электр сүзгілерін жаңартуды, азот тотығы, күкірт қалдықтары және шаң-тозаңды азайтуды, сондай-ақ орнықты дамуға және неғұрлым таза энергетикаға көшуге бағдарлауды растайтын анағұрлым экологиялық технологиялық шешімдерге көшуді көздейтін жол карталарын жүзеге асырады.

Павлодар облысындағы жалпы ластаушы заттар көлемінің 34%-ы Екібастұз ГРЭС-1 үлесінде. Бірқатар энергоблоктағы электростатикалық сүзгілер күрделі жөндеуден өтті, бұл шаң концентрациясын 400 мг/нм3-тен 350 мг/нм3-ке дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар 2023–2025 жылдар аралығында санитариялық-қорғау аймағына 23 мыңға жуық көшет отырғызылып, 250 гектарға жуық күл үйіндісі сүріліп тасталды. Осы кезеңде қоршаған ортаны қорғау шараларына салынған инвестицияның жалпы көлемі шамамен 5 млрд теңгені құрады.

Сондай-ақ өңірдегі жалпы ластаушы заттар көлемінің 8,8%-ын Екібастұз ГРЭС-2 шығарады. Аспирация жүйелерін жаңғырту зиянды қалдықтары 2,57 мың тоннаға азайтты. Микроимпульстік технологияны қолдану шаң тозаңының қоюлығын сейілтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ күл үйінділеріндегі шаң-тозаңды басу, құрғақ күлді өңдеу, Солнечный кенті мен өнеркәсіп алаңының аумағында жасыл желектерді күтіп-баптау сияқты бірқатар кешенді шара жүзеге асырылуда. 2025–2027 жылдарға жоспарланған инвестиция көлемі 8,1 млрд теңгені құрайды.

Алматы қаласының өнеркәсіп кәсіпорындарынан шығатын ластаушы заттардың 83%-ы «Алматы электр стансалары» АҚ үлесінде. АлЭС кең ауқымды экологиялық трансформацияны, яғни газға көшуді жүзеге асыруда. Бұл ЖЭО-2 шығаратын зиянды қалдықтар көлемін 93%-ға, ал ЖЭО-3 шығаратын ластаушы заттар көлемін 88%-ға азайтуға мүмкіндік береді. Бұл ретте шаң мен күкірт тотығының қалдықтары толығымен жойылады, азот тотықтары 680 мг/нм3-тен 35 мг/нм3-ке дейін төмендейді.

Зиянды заттар көлемін азайта отырып, жаңғырту және газға ауыстыру бойынша осындай жұмыс ЖЭО-3-те де жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде мұнда шаң, күкірт тотығы сияқты ластаушы заттар толығымен жойылады және азот тотығы азаяды. Соңғы екі жылда кәсіпорынның қоршаған ортаны қорғауға жұмсаған шығындары шамамен 3,2 млрд теңгені құрады.

Қоғамдық ұйымдардың өкілдері сұрақтар қойып, ұсыныстарын айтты.

Қазақстанның «KazWaste» қалдықтарды басқару қауымдастығының атқарушы директоры Вера Мұстафина қауіпті қалдықтарды кәдеге жарату мәселесін көтерді.

«Жасыл Академия» ғылыми білім беру орталығының директоры Бақыт Есекина кәсіпорындардың декарбонизациядағы қызметі үшін қосымша критерилерге бастамашы болды. Сондай-ақ, ол ластаушы заттарды азайтуға және көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге климаттық қаржыландыруды тарту үшін халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды күшейтуді ұсынды.

«Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы Айгүл Соловьева кәсіпорындарды парниктік әсерге қарсы күрес, ESG-қағидаттарын енгізу және көміртегі ізін азайту жөніндегі жұмысты жандандыруға шақырды. Алматы қаласындағы экологиялық стандарттардың деңгейін еуропалық көрсеткіштермен салыстыруға болатыны атап өтілді, бұл азаматтардың араласуы жоғары деңгейде екенімен және корпоративтік әлеуметтік жауапкершіліктің жақсы дамығанымен байланысты. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» тобына кіретін жекелеген жылу энергетикалық нысандардағы жұмысты күшейту және технологиялық шешімдерді енгізуді егжей-тегжейлі пысықтау қажеттігі айтылды.

скачать dle 11.1смотреть фильмы бесплатно
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
ҚАЗІР ОҚЫП ЖАТЫР
для добавления комментариев
Уже зарегистрированы?
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Или водите через социальные сети
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Аида Балаева мәдениет және медиа саласының қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыстады
Димаш Құдайбергеннің жаңа әні ең көп тыңдалған топ-100 әннің қатарына енді
Актер Шәріп Серік қызды ұрды деп айыпталғаннан кейін мәлімдеме жасады
Валерий Меладзе Астананың сұлулығына таң қалды
Баян Алагөзова сәбилі болды
Мультимедиа
«Ұлы дала қолөнершілер керуен көші»: ұлттық құндылық пен креатив тоғысы
Маңғыстауда Мемлекеттік рәміздер күні кең көлемде аталып өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсіміне қатысты
Елордада бірлік пен руханиятты ұлықтаған «Әз-Наурыз» мерекесі өтті