Түркістан облысында туристік инфрақұрылым жақсарып, өңірге саяхаттаған шетелдіктер саны артты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров баяндады.

Жыл басынан бері облысқа 500 мыңнан астам турист келіп, осы сала арқылы 6,6 млрд. теңге табыс түсті. 2025 жылдың IIІ тоқсанымен орналастыру орындарында демалғандар саны 251 мың адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңінен 6,6%-ға өскен. Жыл басынан бері өңірдегі табиғи аумақтарға 144,6 мың адам, тарихи орындарға 959 мың адам саяхаттаған. E-qonaq жүйесіндегі дерек бойынша 2025 жылдың 10 айында облысқа шетелден 43,8 мың адам келген (Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей, Германия, Франция). Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 еседен астам артып отыр.
2025 жылдың 10 ай қорытындысымен туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 97,6 млрд. теңгені құрады.Туристерге жаңа бағыттар мен өнімдер ұсыну мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Түркістан қаласында «Есу арнасы» каналы мен Қолөнершілер орталығының құрылысы аяқталды. Жыл соңында 99 гектар аумақты қамтитын жаңа ипподром пайдалануға беріледі. Аталған нысандар халықаралық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.