Алматыда жастар кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған «ENACTUS Kazakhstan Business Collaboration Forum 2025» форумы өтті. Бұл туралы Қаланың жастар саясаты басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Форумға еліміздің 20 өңірінен келген студенттік және мектеп командалары, бизнес өкілдері мен сарапшылар қатысты. Іс-шара ENACTUS бағдарламасының Қазақстандағы 30-маусымын ашып, 2026 жылғы ұлттық чемпионатқа дайындық іспетті болды. Биыл бағдарламаға 230 команда қатысып отыр. Бұл соңғы жылдардағы ең ауқымды көрсеткіштердің бірі. Іс-шара барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов жастар кәсіпкерлігі қаланың дамуы үшін маңызды екенін атады.
«Алматы – мүмкіндіктер мен идеялар қаласы. ENACTUS сияқты бастамалар жастарға арман-мақсатын нақты жобаға айналдырып, қоғам мен экономикаға пайда әкелуге жол ашады. Біз әрбір белсенді жасты қолдауға дайынбыз», – деді Абзал Нүкенов.
Биыл 230 команда қатысып, жаңа жобалық кезеңнің маңызын айқын көрсете білді.
Форум барысында қатысушылар ESG бағыты, жасыл технология, болашақ мамандықтар мен жасанды интеллект жөнінде талқылап, өзінің әлеуметтік және бизнес-жобаларын таныстырды. Командаларға тәлімгерлік қолдау көрсетіліп, жаңа серіктестік байланыс орнатуға мүмкіндік берді.