Алматыдағы «Зенит» спорт орталығында тоғызқұмалақтан әлем чемпионатының жабылу рәсімі өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараның құрметті қонақтары ретінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов, Қазақстан тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әкім Тұрсұн, Алматы қалалық мәслихатының депутаттары, қалалық спорт басқармасының өкілдері, Алматы Қоғамдық кеңесінің мүшелері, сондай-ақ ҚР Тоғызқұмалақ спорты федерациясының және шетелдік делегациялардың өкілдері қатысты.

Сайыс «классика» (онлайн және офлайн), рапид және блиц форматында ұйымдастырылды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген жасөспірім спортшылар зияткерлік шеберлігін көрсетіп, ұлттық ойынды халықаралық деңгейде танытуға үлес қосты.
«Құрметті қатысушылар мен қала қонақтары! Алматыда бұл көне ойынмен айналысатын он мыңнан астам спортшы бар, қазір олардың саны артып келеді. Сіздер тоғызқұмалақты әлемде дамытуға зор үлес қосып отырсыздар. Әртүрлі елден келген спортшылардың Алматыға жиналуы осы ойынға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Әрбір қатысушы жоғары деңгейдегі дайындық көрсетумен қатар, жаңа достар тапты, ал шетелдік қонақтар халқымыздың салт-дәстүрімен танысып, қаламыздың көрікті жерлерін көрді», – деп чемпионаттың жабылу рәсімінде сөз алған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов қатысушылардың жоғары дайындығы мен бәсекелестіктің деңгейін атады.
Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының басшысы Әлихан Бәйменов тоғызқұмалақтың әлемдік аренада кеңінен танылуы, жастардың зияткерлік қабілетін дамыту, халықаралық серіктестік пен мәдени байланысты нығайту Алматыда өткен әлем чемпионатының арқасында жүзеге асқанын жеткізді.
«Біз бұл спорт түрін насихаттай береміз, ал Алматы оның даму орталығына айналады. Тоғызқұмалақтың танымалдылығы мен тәжірибелік пайдасын ойынды жақсы меңгергендер біледі, бұл логикалық ойлаудың дамуын айқын көрсетеді», – деді Әлихан Бәйменов жүлдегерлер мен жеңімпаздарға қарата.
Тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты Алматыда алғаш рет 2023 жылы өткен болатын. Ол кезде 17 елден 136 спортшы қатысқан еді. Биыл 21 елден 180 спортшы өнер көрсетті.