Павлодарда полицейлер Telegram арқылы алаяқтықпен айналысқан тұрғынды құрықтады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алуға бағытталған "Hi-Tech" жедел алдын алу іс-шарасы барысында полицейлер интернет-алаяқтық жасады деген күдікпен ер адамды ұстады.
– Тергеу барысында күдіктінің электронды темекілерді сату мақсатында Telegram арна ашқаны анықталды. Алғашында ол сатып алынған тауарларды шынымен жіберіп, сатып алушылардың сеніміне кірген. Алайда кейін, тауар қоры таусылған кезде, ер адам алдын ала төлем қабылдауды жалғастырып, тауарды жібермей қойған. Қаражатты ол жеке мақсаттарына пайдаланған. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, – деп хабарлайды Павлодар облысы полиция департаменті.
Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады. Күдікті хабарламалар немесе телефон қоңыраулары, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы келіп түскен жағдайда, дереу полицияға жүгінуді ұсынамыз.