Мемлекет басшысы Беларусь Премьер-министрі Александр Турчинді қабылдады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесуде екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық, өнеркәсіп кооперациясы және мәдени-гуманитарлық ықпалдастық перспективасы талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Александр Турчиннің Астанаға жасаған алғашқы ресми сапары Қазақстан мен Беларусь арасындағы стратегиялық серіктестіктің айрықша сипатын растайды, сондай-ақ екіжақты ықпалдастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін көрсетеді.– Сіздің сапарыңыз мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан өте маңызды деп санаймыз. Елдеріміздің сауда байланыстары миллиард долларға жуықтап, табысты дамып келеді. Менің білуімше, Қазақстан – Беларусьтің екінші сауда серіктесі. Жалпы, Сіздің еліңіз бен халқыңыздың төл мәдениетіне ерекше құрметпен қараймыз. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Президент Александр Лукашенкоға сәлемімді жолдағым келеді. Табысты ықпалдастығымызды нақты нәтижелермен жалғастыруға бейілміз, – деді Қазақстан Президенті.
Александр Турчин өзара тиімді диалогтың жоғары қарқынын сақтауға және мемлекеттер басшылары алға қойған міндеттерді нақты іске асыруды үйлестіруге мүдделі екенін жеткізді.
– Сізге Президент Александр Григорьевич Лукашенконың ыстық ықыласын жеткізгім келеді. Күні кеше біз кеңінен әңгімелестік, оған Қазақстанға сапарымның бағдарламасы жөнінде жан-жақты ақпарат бердім. Қазақстанның даму жолын жіті бақылап отырамыз. Ұзақ жылдардан бері еліңіздің экономикалық өсімі тұрақты көрсеткішке ие. Сондықтан қазіргі табыстарыңызға шынайы қуанамыз. Өзіңіз атап өткендей, екі ел арасындағы тауар айналымы өсіп келеді, – деді Беларусь Премьер-министрі.
Биыл 8 айдың ішінде өзара сауда көлемі былтырғымен салыстырғанда 20 пайызға артты. Өнеркәсіп кооперациясы аясында құны 204 миллион доллар болатын 12 жоба жүзеге асты, сондай-ақ, 3 жоба пысықталып жатыр.
