Астанада 25–29 қазан күндері өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогі қарсаңында баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Beeline Arena алаңында өтетін бұл ауқымды жарысты Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен ҚР Үстел теннисі федерациясының қолдауымен Nomad Table Tennis Academy өткізеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
NOMAD академиясының директоры Руслан Жетубаев болашақта Президенттік кубокты жыл сайын өтетін дәстүрлі турнирге айналдыру жоспарда бар екенін айтып өтті:«Бұл турнир Қазақстанның брендіне айналып, жыл сайын жас таланттар мен танымал шеберлер бас қосатын алаң болғанын қалаймыз. Бұл жай ғана жарыс емес – үстел теннисін дамыту мен халықаралық спорттық ынтымақтастықты нығайтуға жасалған қадам», - деді ол.
Жарысқа Қазақстанды қоса алғанда, 14 елден 300-ден астам спортшы қатысады. Олардың қатарында Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды өкілдері, сондай-ақ Оңтүстік Корея, Қытай, Венгрия, Мысыр, Малайзия, Иран, Сауд Арабиясы және басқа да елдердің теннисшілері бар. Сонымен қатар, турнирге ITTF әлемдік рейтингінің топ-100 қатарындағы ойыншылардың қатысуы оның халықаралық ауқымын айшықтайды. Турнирдің жалпы жүлде қоры 115 000 АҚШ долларын құрайды.
Кубоктың басты ерекшеліктерінің бірі – әлемдік үстел теннисінің жұлдыздары қатысатын шоу-матч. Жанкүйерлерді спорт тарихында өшпес із қалдырған шеберлердің ерекше өнері күтіп тұр. Аңыздар қатарында:
- Сюй Синь (Қытай) – әлемнің экс-бірінші ракеткасы, техникалық шеберлігімен және ойын мәнерімен миллиондаған жанкүйерді тамсандырған спортшы;- Фан Бо (Қытай) – әлем чемпионатының күміс жүлдегері, көз ілеспес шабуыл стилімен танымал шебер;
- Вернер Шлагер (Австрия) – 2003 жылғы әлем чемпионы, Еуропа біріншіліктерінің бірнеше дүркін жүлдегері;
- Джу Се Хук (Корея) – 2003 жылғы әлем чемпионатының күміс, 2011 жылғы қола жүлдегері, сондай-ақ 2012 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы.
«Өздеріңізге мәлім, 2027 жылы Қазақстан үстел теннисінен әлем чемпионатын қабылдайды. Сондықтан мұндай деңгейдегі ірі жарысты өткізу еліміз үшін үлкен мәртебе. Бұл іс-шара әлемдік додаға дайындық ретінде ұйымдастырылып отыр. Жарысқа шетелдік мықты спортшылар келеді деп жоспарланған. Сол спортшылардың ойындарын жас жеткіншектеріміз тамашалап, үлкен тәжірибе жинақтай алады. Осы жарыс арқылы ел үздіктерін және үстел теннисінің резервін байқауға болады», – деді Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев.
Турнир төрт жас санаты бойынша жеке және командалық есепте өтеді:
• U-11 – 2014 ж.т. және одан кішілер;
• U-16 – 2009 ж.т. және одан кішілер;
• Open 17+ – 2008 ж.т. және одан үлкендер;
• Team event – командалық разряд.
Қазақстанның үздік теннисшілері – Кирилл Герасименко, Алан Құрманғалиев, Айдос Кенжеғұлов, Искандер Харки, Зәуреш Ақашева, Сарвиноз Миркадирова, Жанерке Қошқұмбаева және Анель Бақыт – Президент кубогінде ел намысын қорғайды.
Турнирге кіру тегін.