1 қыркүйек білім күніне орай Достық үйінде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы жалғасын тапты. Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының ұйымдастыруымен өткізілген шара нәтижесінде 60-қа тарта оқушы тиісті материалдық көмек алды. Қайырымдылық акциясына үн қосу мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, меценаттар, этномәдени бірлестік төрағалары, Ақжайық жастары, «Jas Otan» жастар мүшелері қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Облысымызда «Мектепке жол» акциясы қызу жүруде. Жыл бойы түрлі мекемелер мен қайырымды жандар бұл қайырымдылық акциясына белсене атсалысып, көмекке мұқтаж отбасыларға аянбай қол ұшын созуда. Шара мақсаттарының бірі оқушының әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын ала отырып, бала болашағына оң септігін тигізу. Сонымен қатар аталмыш шараның басты мақсаттарының бірі – тұрмыс жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларын, мүмкіндігі шектеулі балаларды жаңа оқу жылына даярлық жағынан қолдап, көмек қолын созу және әр баланы мектеп құралдарымен толық қамтып, балаларға материалдық көмек көрсету болып табылады.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін шараға ассамблея мүшелері, мецентаттар, этномәдени бірлестік төрағалары және жастар қатысып, балаларға кішкене болса бақыт сыйлады.
Бұл акция республика,облыс және аудан көлемінде жоғары деңгейде жүзеге асырылуда. Аталмыш қайырымдылық акциясы талай баланың жүзіне күлкі үйіріп, қуаныш сыйлады. Алдағы уақытта да осы сынды ізгі шаралар өз жалғасын табатын болады.
Элгун Джаналиев, Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Волонтер орталығы басшысы:
Бүгін біз үшін ерекше күн. Себебі кішкентай балапандарымызды, олардың ата-аналарын қуантып, үлкен іс-шара өткізіп жатырмыз. Достық үйінде айына бір рет осындай іс-шаралар өтіп тұрады. Жыл басынан бері 1000-ға жуық отбасыға көмектестік. Бүгінгідей сөмкелер ғана емес, балаларға киімдер, мұқтаж отбасыларға арналған керекті заттар сияқты материалдық көмек көрсетілді. Әрқашан басқа да қолдаушылармен бірігіп қайырымдылық шараларын жасайтын боламыз.