Бөрлі ауданының спортшылары республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында Бөрлі ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бес оқушысына мектеп құралдарына толы сөмке сыйлады. Облыс қана емес, республика көлемінде түрлі жарыстардың жеңімпазы болып жүрген аудан спортшылары да қайырымдылық акциясынан қалыспай, шараға үн қосуды жөн көрді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Спортшылар «Мектепке жол» акциясының аясында аудандық спорт мектебінің аз қамтылған, көп балалы, толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқан оқушыларына көмек қолын созып отыр. Болашағынан зор үміт күттіретін оқушылардың еш нәрседен тарықпай, тиісті деңгейде білім алуын ниет еткен спортшылар қайырымдылық шараларына қатысып тұруды құп көреді.
Бөрлі ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің, “Ақсай” мәдени-бұқаралық, ұлттық ат спорт кешенінің, Бөрлі ауданының балалар- жасөспірімдер спорт мектебінің және “Жеңімпаз” еріктілер тобының ұйымдастыруымен өткен шараға аталмыш спорт мектебінің түлегі, қазақ күресінен ҚР кубогының жеңімпазы, самбо күресінен ҚР кубогының күміс жүлдегері, дзюдо күресінен 23 жасқа дейінгі жастар мен қыздар арасында ҚР чемпионатының қола жүлдегері Ирмағамбетова Гаухар мен таэквондодан кадеттер арасында ҚР чемпионатының күміс жүлдегері Қали Әдемі акцияға қатысуға ниет білдіріп, қолға алған. Керекті мектеп құралдарын сыйға тартқан жас спортшыларға алдағы оқу жылдарына сәттілік тілеп, болашақта ел мақтан етерлік чемпион болуларына ізгі тілектерін білдірді.
Акцияны ұйымдастыру барысына жауынгерлік самбодан ҚР чемпионатының жеңімпазы, Азия чемпионатының жүлдегері Сейсов Әділбек, самбодан ҚР чемпионатының жеңімпаздары, Азия чемпионатының жүлдегерлері Сүлейменова Риза, Хамзин Замир, грек - рим күресінен ҚР чемпионатының жеңімпазы Исмағұл Жарман сынды өзге де аудан чемпиондары атсалысты.