Алматыда жылдың ең көп күткен музыкалық оқиғаларының бірі өтеді. Бүгін Орталық стадионда аты аңызға айналған Backstreet Boys тобы қала күніне орай концерт қояды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шоу нағыз көрерменді баурап әкететіндей ауқымды болмақ: сахнада 90-жылдар мен 2000-жылдардың сүйікті хиттері шырқалып, атақты бойз-бэндтің харизмасы мен энергиясына толы ерекше атмосфера орнайды.
Қауіпсіздік пен тәртіп
Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2,5 мыңға жуық тәртіп сақшысы жұмылдырылды. Абай– Байтұрсынов – Мұқанов – Сәтбаев көшелері аумағында қозғалыс ішінара шектелуі мүмкін.
Стадионда бір арнайы және екі фельдшерлік бригададан тұратын жедел жәрдем, сондай-ақ өрт сөндіру қызметі кезекшілік етеді. Эвакуация жоспары қарастырылған. Гигиеналық іс-шараларға ерекше назар аударылды: аумақта санитайзерлер орнатылып, күн сайын тазалау және биоөңдеу жүргізілуде.
Еріктілер мен жаңа іс-шаралар
Қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбектің айтуынша, концертке 18 жастан асқан 150 ерікті тартылды. Олар қонақтарға бағыт-бағдар көрсетіп, қосымша жайлылықты қамтамасыз етеді.
Zevs Volunteers қорының негізін қалаушы, 20 жастағы Ким Данияр былай деді:
«Балаларды сағат 11-де жинап, жауаптылар мен үйлестірушілерге бөлдік, міндеттер мен қауіпсіздік ережелерін егжей-тегжейлі түсіндірдік. Ұйымдастырушылар тамаққа бюджет бөлді: волонтёрлер күніне үш мезгіл тамақтанады, ал концерттен кейін үйіне таксимен қайтады», – деп атап өтті ол.
