Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Алатау ауданына жұмыс сапары барысында «Батыс» полиорталығының даму жобаларымен танысты. Аумағы шамамен 200 гектарды қамтитын аумақта балабақша мен мектеп, спорт кешендері, аумағы 70 гектар болатын саябақ, шамамен бір миллион шаршы метр коммерциялық нысандар мен заманауи тұрғын үйлер салу жоспарланған, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобаны жүзеге асыру қала орталығына түсетін жүктемені азайтып, жаңа өсім нүктелерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қала әкімі Зерделі шағынауданындағы 550 орындық мектептің құрылысына барды. Мердігер ауысқаннан кейін қабырғаларды тұрғызу мен инженерлік желілерді тарту жұмыстары жалғасып жатыр. Нысанды жыл соңына дейін аяқтау көзделген. Сондай-ақ жұмыс сапары аясында крематорий ғимараты да қаралды. Нормативтік база бекітілгенге дейін оның қарауына уақытша Қоғамдық денсаулық басқармасы жауапты болып белгіленді, - делінген хабарда.
