Елордада Ақтөбе мен Қызылорда облыстарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 650 тоннадан астам өнім ұсынды. Жәрмеңке сөрелерінде ет, сүт өнімдері, балық, ұлттық тәтті-дәмділер және басқа да тауарлар бар, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жәрмеңке таңғы 9-да ашылды. Осы уақытқа дейін-ақ мұнда сатып алушылар көп жиналған.
Жәрмеңке күні елордалықтар Ақтөбе облысының шұжық өнімдерін де татып көріп, сатып алды. Олар ішкі нарықта үлкен сұранысқа ие.
Айта кетейік, өңірлердің жәрмеңкелері елордада жыл сайын қазан айына дейін әр сенбі-жексенбі күндері өткізіледі. Биылғы жәрмеңке «Қазанат» ипподромының автотұрағында (Қарқаралы тас жолы, 1) өтіп жатыр. Сондай-ақ тұрғындар мен қала қонақтарының ыңғайлығы үшін жәрмеңке орнына №18, №37 және №303 автобустар қатынайды.