Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Швейцарияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бал Салманмен кездесу өткізді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында әлеуметтік саладағы ынтымақтастықты дамыту жолдары қарастырылды. Негізгі тақырыптар – тіл саясаты, білім беру және ғылым, туризм, халықаралық мектептер мен университеттерді дамыту, құзырет орталықтарын құру.
Ермек Көшербаев Қазақстан адами капиталды дамытуға басымдық беріп отырғанын және Швейцариямен тәжірибе алмасуға ерекше мән беретінін атап өтті:
«Еліміздің ең үлкен байлығы – азаматтарының білімі мен кәсіби дағдылары. Біз швейцариялық білім беру жүйесін жоғары бағалаймыз және ондағы озық тәжірибелер біздің студенттерге Қазақстанда қолжетімді болғанын қалаймыз. Швейцарияда оқу қымбат болғандықтан, халықаралық мектептер мен әлемдік деңгейдегі бағдарламаларды елімізде ашу – басты міндет. Әсіресе кәсіби-техникалық білімге басымдық беріп отырмыз. Орта буын мамандар мен техникалық кадрларды даярлау – экономиканың дамуына тікелей әсер етеді. Жастарымыз сұранысқа ие мамандықтарды әлемдік деңгейде меңгеруі тиіс», — деді ол.
Кездесуде тараптар келесі бағыттар бойынша жұмыс істеу туралы келісімге келді:
● Қазақстан мен Швейцария университеттері арасында академиялық алмасу бағдарламаларын іске қосу;
● бірлескен құзырет орталықтары мен ғылыми-зерттеу алаңдарын құру;
● халықаралық мектептерді дамыту және мұғалімдерді швейцариялық стандарттар бойынша даярлау;
● кәсіби-техникалық білім беру саласында бірлескен бағдарламаларды енгізу.
Фармацевтика саласына ерекше көңіл бөлінді. Қазақстан швейцариялық жетекші компанияларды дәрі-дәрмек өндірісін локализациялауға және медицина мен фармацевтика мамандарын даярлау бағдарламаларына тартуға мүдделі екенін білдірді.
Сонымен қатар туризм бағыты да назардан тыс қалмады. Қазақстан жаңа туристік бағыттарды дамытуға, туристік қызмет сапасын көтеруге және ұлттық мәдени мұраны халықаралық деңгейде ілгерілетуге Швейцария тәжірибесін қолдануға ниетті.
Швейцарияның Қазақстандағы елшісі Бал Салман өз елінің серіктестікті нығайтуға дайын екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жобалардың жоспарын пысықтап, Швейцария компаниялары мен білім беру ұйымдарының өкілдерімен алдағы келіссөздерге ұсыныстар әзірлеуге уағдаласты.