Астанада «Таза Қазақстан» жобасы аясында құрылыс нысандары бойынша рейдтік іс-шара өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Рейдті Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы Полиция департаменті және аудандық әкімдіктермен бірлесіп ұйымдастырды. Басты мақсат – қалалық ортада тәртіп орнату, рұқсатсыз қоқыс үйінділерінің алдын алу және барлық ұйымның ҚР Экологиялық кодексі талаптарын сақтауын қамтамасыз ету. Тексеру барысында бірқатар құрылыс нысаны, оның ішінде салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің аумағы қаралып, кейбірінде заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстары кезінде бетон қалдықтарын тыйым салынған орынға төгу, құрылыс көліктерінің доңғалақтарын жуатын құрал-жабдықтың болмауы, қоқысты рұқсат етілмеген жерге тастау фактілері тіркелді. Құрылыс нысандарының жауапты қызметкерлеріне айыппұл салынды.
Қабылданған шаралар заңсыз қоқыс үйінділерін азайтуға, бизнестің экологиялық мәдениетін арттыруға және жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған.