Абай облысында Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік мерейтойлық шаралар легі жалғасуда. Онкүндіктің алтыншы күнінде Семей қаласында көру қабілеті шектеулі азаматтарға арналған арнайы кітапхананың жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жылына 15 мыңнан астам келушіні қабылдайтын жаңа инклюзивті кітапхананы «Самұрық-Қазына» қорының Абайдың 180 жылдығына Абай облысының тұрғындарына жасаған ерекше сыйлығы деуге болады. Жоба Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қайырымдылық қорының қолдауымен 410 миллион теңгеге қаржыландырылды. Бұл – мәдени-әлеуметтік мекеме еліміздегі өңірлік деңгейдегі ең ірі және заманауи инклюзивті кеңістік.
Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 852 шаршы метр. Нысан зағип және нашар көретін жандардың қажеттіліктеріне бейімделген. Тифлотехнология кабинеті, брайль жүйесімен оқу-жазу бөлмесі, дыбыстық әдебиеттер қоры, коворкинг пен оқу залдары, библиографиялық ақпараттар бөлімі, әдебиеттерді өңдеу және толықтыру бөлімі орналасқан. Ерекше азаматтардың еш кедергісіз еркін кіріп-шығуы үшін арнайы тұтқалармен жабдықталған және білім алуына барлық жағдай жасалған. Келешекте кітапхана базасы электронды каталогқа көшіріледі. Кітапхананың кітап қоры 40 мың дана кітаптан тұрады.
Семей қаласы әкімдігі ғимарат маңайын толық абаттандырып, шырша отырғызып, кіреберіс жолдарға асфальт төседі. Кітап қоры толық көшіріліп, кабинеттер мен сөрелер ретке келтірілді.

Аймақ басшысы бұл нысанның маңызы зор екенін атап өтіп, ғимаратты салған «Самұрық-Қазына» қорына алғысын жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет» деп атап өткен болатын.
«Самұрық-Қазына» қоры соңғы бес жылда Абай облысында білім, спорт және әлеуметтік осал топтарды қолдау бағытында жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайтын 14 жобаны жүзеге асырды.

Қазіргі таңда облыс әкімдігімен бірлесіп Семейдің Ұшақтар шағын ауданында спорт сарайының құрылысы жоспарлануда. Мұнда 4 мыңға жуық адам спортпен шұғылдана алады. Бұл – қор тобының аймақтық инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік қолдауды кеңейтуге бағытталған бастамаларының бірі» деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.