Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев пен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің қатысуымен жұмыс кездесуі өтті. Кездесу барысында өңірде телекоммуникация саласын дамытуға бағытталған бірқатар маңызды жобалар мен бастамалар қаралды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Каспий теңізі арқылы өтетін Әзербайжан – Қазақстан бағытындағы талшықты-оптикалық байланыс желісін (ВОЛС) тарту жобасы, шалғай елді мекендерді жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету, ұлттық бейнебақылау жүйесін жетілдіру, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік және басқа да салаларда цифрлық шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, «Қазақтелеком» компаниясы өңірдің цифрлық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жаңа жобалар мен ұсыныстарды таныстырды. Тараптар өңіраралық байланысты нығайту, телекоммуникациялық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында бірлескен жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша, өңірдің цифрландыру әлеуетін арттыру мақсатында тиісті мемлекеттік және жеке сектор өкілдерімен тығыз өзара іс-қимылды жалғастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.