Премьер-министр Олжас Бектенов ҚР Үкіметі жанындағы Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді. Оған ішкі істер министрі Ержан Сәденов, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, сондай-ақ облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері, Бас прокуратура, ҰҚК және Қаржы мониторингі агенттігі өкілдері қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыста есірткі қылмысына, маскүнемдікке қарсы күрес жөніндегі шаралар және отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігі жөнінде мәселелер қаралды.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жарты жыл ішінде 6,4 тонна есірткі тәркіленгенін, 17 мыңнан астам есірткі сайты бұғатталғанын, 474 есірткі қылмыскері, оның ішінде 28 Telegram-канал әкімшілері ұсталғанын баяндады. Ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 21 қылмыстық іс қозғалды, олардың үшеуі трансұлттық деңгейдегі топтар. Есірткіге қарсы 11 мыңнан астам іс-шара өткізілді. Сонымен қатар есепті кезеңде қоғамдық орындарда ішімдік ішудің 107 мың фактісі және алкоголь айналымы саласындағы 7 мың заң бұзушылықтың жолы кесілді. 11 мың адамға спирттік ішімдіктерді пайдалануға тыйым салынды.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтқан мәліметтерге сәйкес, бүгінде диспансерлік есепте есірткіге тәуелділігі бар 17 мыңнан астам адам тұр. Соңғы бес жылда опиоидқа тәуелділер саны 1,5 есе азайған, керісінше синтетикалық стимуляторларға және есірткіні аралас қолдануға тәуелді боп қалған пациенттер саны артқан. 2024 жылдың соңынан бастап тәуелділік синдромы жоқ, бірақ есірткіні өзіне зиянды түрде тұтынатын адамдарға консультациялық бақылау енгізілді. Онымен бүгінде 3 мыңға жуық адам қамтылды. Наркологиялық көмек 20 өңірлік психикалық денсаулық орталықтарында, 79 қалалық және 205 аудандық кабинеттерде көрсетіледі, сондай-ақ Республикалық ғылыми-практикалық психикалық денсаулық орталығы жұмыс істеп тұр. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек деңгейінде 94 жастардың денсаулық орталығы бар, оған 2024 жылы 700 мыңнан астам адам жүгінді. 2025 жылы емдеудің тиімділігін арттыру бойынша жаңа әдістемелік ұсынымдар бекітілді. Ауруханаға жатқызуға қарсы көрсетілімдер тізбесін қайта қарау жалғасуда.
Премьер-министр құқық қорғау органдарының қанша күш салып жатқанына қарамастан, нашақорлық мәселесі, әсіресе жастар арасында сақталып отырғанын атап өтті.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Заң мен тәртіп” қағидатын мемлекет пен қоғам қызметінің негізгі постулаттарының бірі ретінде айқындап берді. Сондықтан да мемлекеттік органдар, соның ішінде құқық қорғау органдары Мемлекет басшысының осы нұсқауы сөзсіз орындалуын бірінші кезекте қамтамасыз етуі міндетті. Бүкіл қоғамды алаңдатып отырған қауіпті тенденция – жастар арасында нашақорлықтың таралуы. Өкінішке қарай, ол күннен күнге белең алып барады. Жағдай оны таратудың жаңа әдістерімен шиеленісе түсуде, олар – интернет арқылы, пошта арқылы, “жасырып кету”, иесі белгісіз электронды төлемдер. Мұның барлығы “наркодиллер-өткізуші-тұтынушы” үштігінде физикалық байланыстың болмауына әкеліп отыр. Сол себепті де қазір таратушыларды ұстау әлдеқайда қиын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр есірткі сайттары мен соған ұқсас хабарландыруларды анықтау және бұғаттау тетіктерін жетілдіре түсу жөнінде шаралар қабылдауды, есірткі айналымына байланысты ақша аударымдарын бұғаттау мәселелерін пысықтауды тапсырды.
Нашақорлықты тудыратын препараттардың дәріханалық қозғалысын бақылауды күшейтуге, оңалту инфрақұрылымын құруға, оның ішінде кәмелетке толмағандар үшін нашақорлықты анықтау және емдеу жөніндегі жұмысты жандандыруға назар аударылды.
Республика бойынша маскүнемдікке қарсы күрес шеңберінде ішімдіктен бас тартқан елді мекендердің қозғалысы кеңейтілетін болады. Қазіргі уақытта олардың саны 400-ден асады. Осындай бастамаларды жүзеге асырып жүрген белсенділер мен әкімдіктерді ынталандыру ұсынылды. Бүгінде кісі өлтірудің жартысынан көбі, әрбір үшінші бұзақылық және төртінші тонау қылмысы мас күйде жасалады.
Олжас Бектенов есірткінің таралуының салдарымен ғана емес, негізгі себептерімен де күресуге бағытталған жаңа есірткі саясатын әзірлеуді тапсырды.
Ведомствоаралық комиссия сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және психологиялық көмек көрсету, оның ішінде құқық бұзушыларға қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігі мәселелерін қарады.
ІІМ мәліметінше, соңғы үш жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша өтініштер саны 35%-ға азайған. Бұл ретте 2025 жылдың басынан бергі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға төмендеу байқалады. Отбасылық-тұрмыстық қылмыстар саны 34,9%-ға қысқарған.
Премьер-министр оң динамикаға қарамастан, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі елдің отбасылық-демографиялық саясатында өзекті болып қалып отырғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы айқындаған "Заң мен тәртіп" қағидаты қоғамда қандай да бір зорлық-зомбылыққа, қол сұғушылыққа жол берілмейтінін білдіреді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз заңнаманы күшейттік. Әйелдер мен балаларға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілікті қатаңдаттық», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр зорлық-зомбылықтың алдын алу, ведомствоаралық үйлестіруді нығайту, халық арасында ақпараттық жұмысты кеңейту және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі шаралар мен психологиялық көмек көрсету шараларын күшейту қажеттігіне назар аударды.
Өткен жылы Ішкі істер министрлігінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрылды. Аталған бөлімше мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп осы салада профилактикалық жұмыс жүргізуде. Құзыретті қызметтердің өзара іс-қимылы ұйымдастырылды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәгері болған балалар мәселесі талқыланды. Білім министрлігіне мұндай кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және қолдау тетігін әзірлеу тапсырылды.
Олжас Бектенов Отбасын қолдау орталықтары желісін дамытудың, тиімді цифрландырудың және барлық ведомстволардың тұрмыстық қылмыстарға қарсы күресте күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.
Отырыс соңында Премьер-министр жергілікті атқарушы органдарға рақымшылыққа іліккен азаматтарды кешенді бейімдеуді, сүйемелдеуді және тұрмыстық зорлық-зомбылықты қоса алғанда, рецидивтердің алдын алуды қамтамасыз етуді тапсырды.