Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қарағанды облысындағы Балқаш көлінің курортты аймағына барды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Туристер жиі баратын негізгі орындар — Бертіс шығанағы, Торанғалық және Шұбартүбек ауылдары барған сайын демалушылардың назарын көбірек аударып отыр.
Қарағанды – Балқаш автожолының іске қосылуы өңірдің көлік инфрақұрылымын едәуір жақсартты: жолда енді жылдамырақ жүруге болады, ыңғайлы әрі қауіпсіз. Бұл туристер легінің күрт артуына ықпал етті — осы жылдың 5-7 шілде аралығында Балқаш көліне 60 мыңнан астам турист келген. Салыстырар болсақ, өткен жылы бұл курортқа жыл бойы шамамен 140 мың адам келген болатын.
«Ішкі туризм бойынша саяхаттаушылардың саны жыл сайын артып келеді. Балқаш бағытындағы туристік ағынның артуына көлік инфрақұрылымының дамуы оң ықпал етті. Жолдардың жақсаруы адамдарды сапарға ынталандырады. Сондықтан өңірді дамытуда кешенді тәсілді қолдану маңызды», — деді Ербол Мырзабосынов.
Министр сондай-ақ туризмді дамыту шаралары еліміздегі барлық туристік бағытта жүйелі түрде жүргізілуге тиіс екенін атап өтті.
Туристер мен қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, қалаішілік су құбырлары желісі жаңғыртылып жатыр, курорттық аймақтар жаңа магистральдық жүйеге қосылуда.
Торанғалық және Шұбартүбек ауылдарында магистральды су құбырын салу жұмыстары басталды.
Шұбартүбек ауылында полиция, төтенше жағдайлар және медициналық қызметтердің модульдік бекеттері орнатылды. Сондай-ақ су айдындарында құтқарушылардың кезекшілігі ұйымдастырылған.
Қонақүйлерді санаты бойынша жіктеу мәселесі әлі де өзекті. Қапшағай мен Алакөлдегі жағдай сияқты, мұнда да санаулы нысандар ғана ресми түрде «жұлдызды» мәртебесін алған. Бұл қызмет сапаны және жағажай мен айналадағы инфрақұрылымның жай-күйін бақылауды қиындатады. Қазір бұл мәселе заңнамаға енгізілетін өзгерістер аясында қаралуда.
Жергілікті атқарушы органдарға тиісті тапсырмалар берілді. Өңірлік сапарлар аяқталып, анықталған кемшіліктер жойылғаннан кейін тексеру жұмыстары қайта жүргізіледі.
