Қазақстаннан жалғыз өкіл ретінде «Алатау» дәстүрлі өнер театры әлемдегі ең әйгілі театр форумдарының бірі А.П.Чехов атындағы XVII Халықаралық фестивальге ресми түрде шақырылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Алатау» театры 8-9 шілде күндері Мәскеудегі Моссовет атындағы Мемлекеттік театр сахнасында «Mamluk. Сұлтан Бейбарыс» атты эпикалық саундрамасын қояды.Қойылымда Бейбарыстың құлдықтан бастап Мысыр сұлтанына дейінгі өмір жолы көрсетіледі. Спектакльде ұлттық нақыштағы жанды музыка, жекпе-жек көріністері мен Құран сүрелерінің оқылымы үйлесім тапқан.2024 жылы Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына орай туындының тұсауы кесілген. Қойылым құрамында 85 артист өнер көрсетеді. Басты рөлді «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әсет Есжан сомдайды. Биылғы фестивальге 12 елден 13 театр қатысады. Олардың қатарында Қытай, Франция, Армения, Бразилия, Үндістан, Иран сынды елдер бар, - делінген хабарламада.Чехов фестивалінен кейін «Алатау» театры өнер сапарын жалғастырып, 2025 жылы Франциядағы Off Avignon фестивалінде бақ сынайды.