Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының жүзеге асырылуы туралы баяндады. Ведомство басшысы бұл бастама табиғатты құрметтеуді қалыптастыруға, қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын түсінуге және халықты экологиялық проблемаларды шешуге тартуға бағытталғанына тоқталды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Экологиялық мәдениетті дамытудың “Таза Қазақстан” тұжырымдамасы азаматтардың табиғатқа деген құрметін қалыптастыруға, қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын түсінуге және экологиялық проблемаларды шешуге белсенді қатысуға бағытталған. Бұл бастама халықты біріктіріп қана қоймай, жалпыұлттық ауқымдағы іске айнала отырып, патриоттық рухты нығайтты», — деп атап өтті министр.
Оның айтуынша, жыл басынан бастап «Таза Қазақстан» аясында бүкіл еліміз бойынша 573 іс-шара (2024 жылы – 183) өткізілді. Оның ішінде республикалық («Таза кәсіп – таза аймақ», «Киелі мекен», «Таза өлке», «Мөлдір бұлақ» және т. б.) және халықаралық акциялар («Жер сағаты», «Халықаралық құстар күні») бар. Аталған науқан шеңберінде:
● шамамен 189 мың тонна қоқыс жиналды;
● шамамен 735 мың га аумақ тазартылды;
● 2 млн астам ағаш отырғызылды.
Акцияға қатысушылардың жалпы саны шамамен 2 млн адамды құрады, оның 156 мыңы – еріктілер.
«“Таза Қазақстан” бастамасы мемлекеттік органдардан ғана емес, қоғамдық ұйымдардан да кеңінен қолдау тапты. Мысал ретінде “Ауыл” партиясының “Таза 25” акциясын айтуға болады, онда жастар, еріктілер мен белсенділер Қазақстанның әр өңіріндегі танымал су айдындарының 25 км жағалау аймағын тазартады. Бүгінгі таңда акция аясында 79 км тазартылып, 470 тонна қоқыс жиналды. Жыл соңына дейін бүкіл еліміз бойынша 500 шақырым жағалау аймағын қамту жоспарланып отыр», — деді Ерлан Нысанбаев.
Министр бизнес өкілдерінің белсенді қатысқанын ерекше атап өтті, олар 281 іс-шара мен акция өткізген.
Мәселен, 2025 жылдың соңына қарай 3,6 млн астам ағаш отырғызу жоспарлануда, оның 3 млн түбін ERG компаниялар тобы отырғызатын болады. Самұрық-Қазына 137 мың көшет отырғызуды, 150-ден астам экобокс орнатуды және 180-ге жуық семинар мен шеберлік сыныптарын өткізуді жоспарлап отыр.
«Қазақмыс» корпорациясы ауқымды көгалдандыруды қоса алғанда, Балқаш көлін сақтауға $5 млн көлемінде инвестиция салды.
«Осы күш-жігер мен азаматтарды, бизнес пен қоғамдық ұйымдарды тарту “Таза Қазақстан” – бұл жай ғана бастама емес, жалпыұлттық қозғалыс екенін атап көрсетеді», — деп нақтылады министр.
Қоғамдық кеңістік пен қоршаған ортаның жай-күйін бақылауды ұйымдастыру шеңберінде цифрландыру мүмкіндіктері сәтті қолданылуда. Биыл Telegram-дағы @TazaQazBot онлайн-сервисі арқылы 11 мыңнан астам өтінім келіп түсті, оның 10 мыңнан астамы орындалды. Экология және табиғи ресурстар министрінің ақпараты бойынша цифрлық технологияларды пайдалану қоғамдық кеңістік пен қоршаған ортаның жай-күйін бақылаудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Көбінесе тұрғындар аумақтарды тазалау (2 963 өтінім), қоқыстарды шығару (662), көшелерді абаттандыру және жаяу жүргіншілер жолдарын күтіп ұстау (607) қажеттілігіне байланысты хабарласады. Сондай-ақ порталда өтінімдердің сапасыз немесе толық орындалмағаны туралы шағымдар тіркеледі.
«Мәселен, Жетісу облысында әрбір 6 өтінімнің әкімдікке шағымы бар. Сондай-ақ шағымдардың үлесі жоғары өңірлер арасында – Шымкент, Ақмола және Ұлытау облысы. Бұл ретте осы өңірлердің үлесіне өтінімдердің жалпы санының тек 4% ғана келеді. Ал Түркістан облысы бойынша 1600 өтінімге тек 5 шағым келеді, бұл бір пайыздан аз», — деп атап өтті министр.
Ерлан Нысанбаев баяндамасында өтінімдердің негізсіз күшін жою фактілерін жеке атап өтті. Мәселен, Алматы қаласы бойынша рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері туралы өтініш білдірген 7 өтініш иесі Полиция басқармасына жіберілген. Министр рұқсат етілмеген полигондарды жою әкімдіктердің тікелей функциясы болып саналатынын және қолданыстағы өкілеттіктер шеңберінде орындалуы тиіс екенін атап өтті.
«“Таза Қазақстан” тұжырымдамасының келесі маңызды аспектісі қалдықтарды жауапкершілікпен өңдеу. Елімізде жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам коммуналдық қалдық түзіледі, ал 2024 жылы қайта өңдеу деңгейі 25,8 %-ды құрады», — деді ол.
Бұл көрсеткішті жақсарту үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару және қайта өңдеу үшін заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру қажет.
Былтыр өңірлерде қайта өңдеуге арналған бонустар ұсынатын экобокстар мен фандоматтар сияқты инновациялық шешімдер енгізілуде. Мысалы, Sparklo компаниясы еліміздің 4 қаласында пластик пен алюминий жинауға арналған 100-ден астам фандоматты орнатты. Маусым айының соңына дейін Экология және табиғи ресурстар министрлігінің пилоттық жобасы аясында Астана мен Жезқазғанның 129 мектебінде 1 мыңнан астам экобокс орнатылады. Осылайша, ҚТҚ утилизациялау көлемін азайту бойынша өзекті мәселелердің бірі шешілуде.
Сонымен қатар бүгінгі таңда 62 жоба мақұлданды, бұл өңдеу қуатын жылына 1,1 млн тоннаға арттырады. Оның ішінде 52,7 млрд теңгеге 13 жоба қаржыландырылды, ал тағы 21 жоба – 74,5 млрд теңге Кәсіпкерлікті дамыту қорында сараптама сатысында тұр.
«Қаржыландырылған жобалар қазірдің өзінде іске асыру кезеңіне өтті, ал кейбіреулері бойынша жабдықтарды монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыс жергілікті атқарушы органдар мен инвесторларды белсенді тартуды талап етеді. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері бұл жобаларды түпкілікті мақұлдағанға дейін қол режимінде сүйемелдеуі қажет», — деді Ерлан Нысанбаев.
Министрдің мәліметінше, еліміздегі 2 973 ҚТҚ полигонының 608-інде тиісті жобалық және рұқсат беру құжаттары бар, бұл олардың жалпы санының 20,4%-ын құрайды. Полигондардың көпшілігі толған, оларды қалпына келтіру қажет.
«Мәселен, Атырау, Батыс Қазақстан, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарының, Шымкент қаласының облыс орталықтарындағы полигондар 90 %-дан астамға, Астана қаласында 98%-ға толған, ал Жезқазған қаласында тіпті сымай жатыр», — деді спикер.
Қалыптасқан жағдайды түзету мақсатында 2023 жылы Үкімет кешенді іс-шаралар (100 жаңа құрылыс салу, 8 жұмыс істеп тұрған полигонның қуаттылығын кеңейту және 5 ҚТҚ полигонын рекультивациялау, сондай-ақ оларды сәйкестікке келтіру бойынша) жоспарын бекітті, оның шеңберінде 100 жаңа ҚТҚ полигонын салу көзделген.
Бүгінгі таңда әкімдіктер тек 7-ін салып, пайдалануға берді, 23 полигон бойынша құжаттама әзірленді, 18 полигон бойынша құжаттама әзірленуде. Министрлік утилизация алымы қаражаты есебінен қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының құрылысын қаржыландыру мәселесін пысықтады, бұл 11 өңірде құны 53 миллиард теңге болатын 43 полигонды қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Үкімет отырысында «Таза Қазақстан» бастамасының тағы бір негізгі бағыты елді мекендерді көгалдандыру және еліміздің ормандылығын арттыруға қатысты да мәліметтер берілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Таза Қазақстан» бастамасы аясында 2027 жылға дейін 2 млрд ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда экология және табиғи ресурстар министрінің мәліметінше, мемлекеттік орман қоры аумағында 1,3 млрд көшет отырғызылды, оның ішінде Арал теңізінің құрғаған табанына 48,7 млн сексеуіл көшеті отырғызылды.
Сонымен қатар елді мекендер аумағында 15 млн ағаш отырғызу бойынша тапсырма орындалды.
2024 жылдан бастап орман мелиорациялық жұмыстардың едәуір көлемі ірі компаниялардың қатысуымен бюджеттен тыс қаражат есебінен жүзеге асырылуда. Жерсінуі мен өміршеңдік деңгейі жоғары сапалы отырғызу материалымен қамтамасыз ету мақсатында орман тәлімбақтарын құру жұмыстары жүргізілуде.
Қазалы қаласындағы 33 гектар алаңда қуаттылығы жылына 3 млн көшет болатын орман тәлімбағының құрылысы аяқталды. Биыл ауданы 15 гектар жаңа тәлімбақты жобалау бойынша жұмыстар жүргізілуде, сондай-ақ орман мелиорациялық жұмыстармен айналысатын қызметкерлер үшін өндірістік модульдерді жеткізу жүзеге асырылды. Бұл тәлімбақтан алынатын отырғызу материалы теңіздің құрғаған табанының жай-күйіне бейімделетін болады.
«Атқарылып жатқан жұмыстарды ғылыми сүйемелдеу үшін Қызылорда облысында “Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институтының” филиалы құрылды. Биылдан бастап барлық жұмыс тұрақты ғылыми сүйемелдеумен жүзеге асырылады, бұл қазірдің өзінде оң әсер етуде. Сексеуілді отырғызуды сала өндірушілері, ғалымдар мен сарапшылар жоғары бағалайды. Тұрақты экологиялық сананы қалыптастыру, сондай-ақ азаматтар мен бизнестің қоршаған ортаны қорғауға белсенді қатысуы – мемлекеттік органдардың, бизнес және ірі кәсіпорындардың белсенді атсалысуын қажет ететін маңызды міндет саналады», — деп түйіндеді министр сөзін.