Астана қаласы бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бағытында жүйелі жұмыс атқарып келеді. 2026 жылдың бірінші тоқсанында ведомство атқарған жұмыстар туралы Астана қаласы бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы Асқар Аймағамбетов Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
2026 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша Департамент 18 мемлекеттік қызмет түрі бойынша 35 144 қызмет көрсеткен, оның ішінде 23 781 қызмет алушыға жаңадан тағайындау жүргізілді. Қызметтің негізгі бағыттарына зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру шараларын іске асыру, медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу, міндетті әлеуметтік сақтандыру және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы бақылау кіреді. Барлық қызмет электрондық форматта ұсынылады, бұл олардың қолжетімділігі мен жеделдігін қамтамасыз етеді.
Мүгедектікті белгілеу, еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін және қажетті әлеуметтік қорғау шараларын анықтау мәселелеріне ерекше назар аударылып, есепті кезеңде 4 949 тиісті қызмет көрсетілді.
«Департамент қызметінің елеулі бөлігі балалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған. Есепті кезеңде бала тууына және оны 1,5 жасқа дейін күтуге байланысты 6 329 жәрдемақы тағайындалып, бұл көрсеткіш жалпы қызмет көлемінің 18%-ын құрады. Мүгедектікке және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 4 691 адамға (13%) тағайындалды. Көпбалалы отбасылар мен наградталған аналарға 3 835 төлем (10%) белгіленді. Сонымен қатар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және күтім жасаушы адамдарға 1 872 төлем тағайындалды», – дейді спикер.
Бұдан бөлек, жұмыс істейтін әйелдерге бала күтімі бойынша 1,5 жасқа дейінгі кезеңге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 3 851 әлеуметтік төлем тағайындау туралы шешім қабылданды.
Көрсетілген қызметтердің ең үлкен үлесі зейнетақымен қамсыздандыру саласына тиесілі. Есепті кезеңде зейнетақы төлемдерін тағайындау бойынша 9 309 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, бұл жалпы көлемнің 26%-ын құрады.Жалпы алғанда, зейнетақылар мен жәрдемақылардың бірқатар түрлері (мүгедектікке және асыраушысынан айырылуға байланысты төлемдерді қоса алғанда) 11 363 іс бойынша қайта қаралды.
«Департамент халықпен байланысты жүйелі түрде жолға қойып, түсіндіру жұмыстарының қолжетімділігі мен кері байланысты қамтамасыз етеді. I тоқсанда зейнетақымен қамсыздандыру заңнамасы бойынша 560 азамат кеңес алып, 369 азаматтың жазбаша өтініші қаралды. Бұл жұмыс халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бақылау функцияларын іске асыру аясында Департамент қызметкерлері 41 сот процесіне қатысты, оның ішінде 36 азаматтық және 5 әкімшілік іс бар. Бұл құқық қолдану тәжірибесінің белсенді жүргізіліп жатқанын және азаматтардың заңды мүдделерін дәйекті қорғауды көрсетеді», – дейді ведомство басшысы.
Бірінші тоқсанның қорытындылары мемлекеттік қызметтер көрсету қарқынының тұрақты екенін және олардың сапасының артып келе жатқанын айғақтайды.
Департамент алдағы уақытта да процестерді цифрландыруды жалғастырады. Халықпен өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру және азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету мәселелеріне ерекше назар аударылады. Әлеуметтік қорғау тетіктерін жетілдіру және рәсімдердің барынша ашықтығын қамтамасыз ету негізгі басымдықтар қатарында қала береді.