Әлем чемпионы атанған елордалық таеквондошы Айым Серікбаеваны Астана әуежайында жанкүйерлері мен жақындары салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ол Ташкентте өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарып, Қазақстанға 20 жылдан кейін алтын медаль әкелді. Спортшымен бірге оның жеке бапкері Еркебұлан Ермекалиев пен жаттықтырушылар құрамы да елге оралды.Тарихи жеңіске жеткен спортшыны қалалық спорт басқармасының өкілдері, спорт ұйымдарының басшылары, жақындары мен достары, сондай-ақ БАҚ өкілдері ерекше ықыласпен қарсы алды.«Әлем чемпионатына ұзақ уақыт бойы дайындалдым. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Жартылай финал және финалдық жекпе-жектер өте тартысты өтті. Бапкерлерімнің кеңесіне алғысым шексіз. 2025 жылы жасөспірімдер арасында Азия чемпионы атанып едім. Биыл жастар арасында топ жарып жатырмын. Әлі тоқтамаймын. Бұйырса, күзде Сенегал еліндегі жасөспірімдер жазғы Олимпиадасына қатысуды көздеп отырмын», – деді Айым Серікбаева.
«Әлем чемпионатында 5 жүлдеден бөлек, 5 спортшымыз ширек финалда сүрініп, жүлдеге бір қадам жетпей қалды. Соның өзінде көрсеткіштерімізді жақсы деп санаймыз. Ал Айымға келетін болсақ, оның басты ерекшелігі – әлем чемпионатының алдындағы 3 оқу-жаттығу жиынында да барлық жаттығуға бейімделіп, тез қалпына келе алатындығы. Енді 2026 жылы жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиаданы күтеміз. Қазіргі сәтте квота мәселесі әлі толыққанды шешілген жоқ», – деп жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Айтжан Алдабеков жарысты қорытындылады.