Елордада вандализм мен қоғамдық тәртіпті бұзудың кез келген жағдайына қарсы белсенді күрес жалғасуда. Бөтен мүлікті бүлдірген құқықбұзушылар жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Мәселен, 9 сәуір күні түнгі сағат 2 шамасында 44 жастағы ер адам мас күйінде «Loft Park» ойын залында орналасқан сенсорлы мониторды әдейі ұрып сындырған. Аталған нысан Күйші Дина көшесіндегі тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан. Оның бұл әрекетінен материалдық шығын келді.Тағы бір оқиға 15 сәуір күні шамамен 18:30-да болды. 37 жастағы ер адам мас күйінде «Лото клубта» үш компьютер мониторын жұдырықпен ұрып, әдейі сындырған. Сондай-ақ, 29 мамыр күні сағат 08:01-де «102» арнасына Ж.Нәжімеденов көшесінде орналасқан «Президент саябағы» аялдамасында беймәлім кәмелетке толмаған азамат аялдама павильонының әйнегін сындырғаны туралы хабар түскен. Тексеру нәтижесінде жасөспірімнің аялдама әйнегін әдейі тепкені анықталды. Барлық құқықбұзушыға ҚР ӘҚБтК-нің 147-1-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.«Заң және тәртіп» қағидаты аясында елордалық полицейлер қала прокуратурасымен бірлесе отырып, вандализм әрекеттерімен күресті күшейтіп отыр. Бөтен мүлікті әдейі жою немесе бүлдіру 60 АЕК-ке дейін айыппұл салуға немесе 30 тәулікке дейін қамауға алу жазасына әкелуі мүмкін.
2025 жылдың басынан бері 80-нен астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды: 57 адам қамауға алынып, 28 адамға жалпы сомасы 4 млн теңгеден астам айыппұл салынды.Елордада «Тоқта, вандал!» атты алдын алу акциясы жалғасып жатыр. Акция түнгі және күндізгі рейдтерді, халықпен түсіндіру жұмыстарын, сондай-ақ еріктілердің, қоғам белсенділері мен танымал спортшылардың белсенді қатысуын қамтиды. Акцияның басты мақсаты – вандализмнің алдын алу және қалалық мүлікті сақтау.