Биыл наурыз айынан бастап елордадағы Есіл ауданында аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмысы басталды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
2024 жылы Есіл ауданында 9 аула жаңартылды. Аталған аулаларда ашық аспан астындағы жаттығу құрылғылары, жаңа ойын кешендері, воркаут-аймақтар орнатылды. Тағы 49 аулада жөндеу жүргізілді.2025 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында алты аула абаттандырылады.
Қалалық кеңістіктерді абаттандыруға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Өткен жылы ауқымды жұмыс Ботаникалық бақта жүргізілді: көпірлер қайта сырланды, веложолдар, орындықтар мен қоқыс жәшіктері жаңартылды, жарықтандыру қалпына келтірілді, воркаут-аймақтар мен балалар алаңдары орнатылды.
Сондай-ақ, Достық, Сауран және Қазақ радиосы көшелерін жаңарту жұмысы жүріп жатыр. Онда түрлі-түсті тас төселіп, жаяу жүргіншілерге арналған аймақтар абаттандырылуда. Ауданды көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы 13 мыңнан астам ағаш пен 76 мыңнан астам бұта мен көпжылдық өсімдіктер отырғызылды. 2025 жылы жоспарлы бағдарлама аясында ауданға 16 мыңнан астам ағаш және 68 мыңнан астам бұта мен көпжылдық өсімдіктер отырғызу жоспарланған. Айта кетейік, биыл Астанада 180-нен астам аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырылады. Жұмыс қаланың барлық ауданында жүргізіледі. Абаттандыру кезінде көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ, биыл 1 млн-нан астам жасыл желек (ағаштар, көшеттер, бұталар және т.б.) отырғызылады.