Шетелге жұмысқа орналастырмақ болған алаяқ қостанайлық әйелден 600 еуро талап еткен, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қостанай облысында киберполиция мен банк қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында жергілікті тұрғын ірі көлемдегі қаржысынан айырылып қалудан аман қалды. Әлеуметтік желі арқылы жұмыс іздеген әйел Facebook платформасында Польшада жоғары жалақы төленетін бос жұмыс орны туралы хабарламаға жауап берген. Жұмыс беруші ретінде өзін таныстырған алаяқ хабарласқан бойда құжат рәсімдеу үшін 600 еуро көлемінде алдын ала төлем жасауды талап еткен. Күдікті қаржылық транзакцияны байқаған банк мамандары киберполицияға жедел хабар берген. Нәтижесінде ақша аударымы уақытылы тоқтатылып, алаяқтардың әрекетіне тосқауыл қойылды.
Қазір бұл факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер тұрғындарды бейтаныс адамдарға ақша аударудан сақ болуға және кез келген күмәнді әрекетке байыппен қарауға шақырады.