Астанада Мәдениет қызметкерлері күніне орай Кәсіптік-техникалық колледжінде ерекше форматтағы «Jastar Talks» ашық диалог алаңы ұйымдастырылды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Іс-шараның мақсаты – мәдениет саласындағы әртүрлі мамандықтардың маңыздылығын көрсету, сахна сыртындағы еңбектің құндылығына назар аудару және осы салада еңбек ететін жандарға деген құрметті арттыру. Кездесуге Қуанышбаев атындағы музыкалық-драма театрының киім суретшісі Ақбота Қапсалаң шақырылып, студенттермен өз кәсіби тәжірибесімен бөлісті. Ол сахналық костюмдерді дайындаудың ерекшеліктері мен шығармашылық процестің маңызды сәттері туралы әңгімеледі. Сахналық киім үлгісін жасау – тек сән мен әдемілік емес, ол кейіпкердің мінезін, тарихи кезеңін, тіпті сахналық көріністің эмоционалдық реңкін жеткізудің маңызды құралы екені атап өтті. Ақбота «Жарқын жүздесу», «Қазақстан дауысы», «Жошы хан» атты отандық ауқымды жобаларда ат салысты.

«Шабыт» университетінде «Дизайнер» мамандығы бойынша білім алдым. Студент кезімде «Қазақстан дауысы» жобасында үш жыл стилист болып жұмыс істедім. Сонымен қатар Алматыда әртістердің концерттік образдарын әзірлеуге атсалыстым. Қазір театр сахнасы үшін костюмдер үлгілерін дайындап жүрмін», — деді Ақбота Қапсалаң.
«Астана Жастары» ЖРО» КММ маманы Алуа Балтабаеваның айтуынша, «Jastar Talks» жобасы 2020 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Жоба аясында қоғам қайраткерлері, спортшылар, журналистер, блогерлер және түрлі сала мамандары жастармен кездесіп, өз тәжірибелерімен бөлісіп келеді.

«Бүгінгі кездесу де ерекше өтті. Ақбота Қапсалаң театрдағы киім суретшісі ретінде студенттерге шабыт беріп, мамандықтың қыр-сырымен таныстырды. Мұндай кездесулер студенттердің оқу ордасында алған теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға септеседі», — деді ол.
Кәсіптік-техникалық колледждің 1-курс студенті Ақниет Елмұратова, «Модельер-конструктор» мамандығы бойынша білім алып жатқанын айтып, мұндай іс-шаралардың болашақ кәсібіне деген қызығушылықты арттыратынын жеткізді.

«Болашақта шығармашылық салада жұмыс істегім келеді. Сондықтан осындай кездесулер біз үшін өте маңызды. Ақбота Қапсалаң бізге өзінің қызықты жобалары туралы айтып, шабыт берді», — деді студент.
Сахна сыртындағы мамандықтардың маңыздылығын көрсету арқылы «Jastar Talks» секілді жобалар еңбек адамына деген құрметті арттырады. Студенттер тек теориялық біліммен шектелмей, тәжірибелі мамандармен тікелей байланыс орнатып, кәсіби бағыт-бағдарын нақтылай алады. Олар киім суретшісінің портфолиосымен танысып, жобалардағы жұмыс барысы, тапсырыс берушімен қарым-қатынас, шығармашылық дағдарысты еңсеру сияқты тақырыптарда да сұрақтар қойды. Мұндай кездесулер жастардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына, шығармашылыққа қабілеттерін ашуға ықпал етеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта бұл алаңда мәдениеттен бөлек, білім, ғылым, кәсіпкерлік салаларында еңбек етіп жүрген мамандармен кездесулер жалғасын табады.