ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕӘҚМ) бүгін, 2025 жылғы 5 мамырда Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен Жеңіске үлес қосқан тұлғаларға қандай көмек түрлері көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаментінің бас сарапшысы Құралай Төлеубаева атап өткендей, ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық көрсету, олардың өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі басымдықтарының бірі.
"Осы санаттағы азаматтарды әлеуметтік қорғау шаралары орталық деңгейде де, жергілікті деңгейде де жүзеге асырылуда. Ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне республикалық бюджеттен 16 айлық есептік көрсеткішке дейінгі (2025 жылы 62 912 теңге. – ред.) ай сайынғы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Әлеуметтік көмек ақшалай немесе заттай нысанда жергілікті бюджеттен көрсетіледі", – деді ол.
Оның айтуынша, бұл санаттағы азаматтарға жеңілдетілген салық режимі қолданылады.
Сондай-ақ, спикер атап өткендей, зейнеткерлікке шыққаннан кейін оларға жұмыс уақытында бекітілген емханаларды пайдалану құқығы беріледі.
"Денсаулығы мен өмір сүру сапасын жақсарту үшін Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері санаториялық-курорттық емделумен қамтамасыз етілуде. Жеңіс күні әкімдіктерден біржолғы әлеуметтік көмекті жыл сайын төлеу дәстүрге айналды, оның мөлшері жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктеріне байланысты".Құралай Төлеубаева
Сонымен қатар, өңірлерде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, сондай-ақ тыл еңбеккерлеріне атаулы әлеуметтік қолдау көрсету, мереке күндеріне азық-түлік қоржындарын беру мақсатында кәсіпорын басшылары тарапынан патронаттық жұмыстар ұйымдастырылуда.