Алматы әкімі Ерболат Досаев жаңартылған Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының емханасына барды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
1966 жылы салынған ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілді: инженерлік желілер жаңартылып, пациенттер бағыты оңтайландырды, сондай-ақ емхана қозғалысы шектеулі азаматтар үшін қолжетімді бола түсті.
Әкім ерекше назарын Түсік қаупінің алдын алу орталығының жұмысына аударды. Бұл жерде туа біткен даму кемшіліктерін анықтау үшін пренаталдық диагностика жасалып, 2024 жылдың маусымында басталған бірегей жатырішілік операциялар жүргізіледі.Орталықты одан әрі жаңғырту аясында «ақылды» операциялық бөлмелер құру, өткізу қабілетін арттыру, жасалатын ота санын көбейту және спектрін кеңейту, сондай-ақ туа біткен ақаулардан болатын нәресте өлімін 35%-ға төмендету жоспарланып отыр.Бүгінде Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы – әйелдер мен балаларға жүктілік кезінен бастап оңалтуға дейін толық медициналық көмек көрсететін ірі медициналық кластер. Бұл Алматының денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге көтереді.