Абай облысында полицейлер миллион теңгеге бағаланған "синтетика" партиясын таратумен айналысқан тұрғынды ұстады, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Абай облысында полицейлер ірі есірткі арнасын жойып, 20 жастағы семейлік жігітті қолға түсірді. Ол синтетикалық есірткіні сақтап, таратты деген күдікке ілінді. Күдіктінің пәтеріне жүргізілген жедел тінту барысында тәртіп сақшылары 25 zip-пакетке салынған ақ ұнтақ тәрізді затты, есірткі заттарын өлшеуге арналған электронды таразыларды және тыйым салынған заттарды орауға пайдаланылған скотчты тапты. Сараптама нәтижесінде алынған заттың меткатинон (эфедрон) психотроптық препаратының аналогы екені анықталды. Жалпы салмағы 25,84 граммды құрайтын бұл есірткінің қара нарықтағы құны 1,3 миллион теңгеге дейін жетеді. Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Абай облысында полиция қызметкерлері есірткі қылмысымен күресті күшейтіп, өңір тұрғындарын есірткінің зиянды әсерінен қорғау жұмыстарын жалғастыруда.