Достық-Мойынты және Алматы айналма темір жолының құрылысы биыл аяқталады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Бұл туралы Көлік министрлігінің Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Нұржан Келбұғанов айтты.- Мемлекет басшысы Қазақстан Еуразия құрлығында транзиттік хабқа айналуы қажет деп тапсырма берген. Соған байланысты теміржол саласында 1 300 шақырымды құрайтын 4 ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылып жатыр. Атап айтсақ, Достық-Мойынты және Алматы айналма жобасы, Дарбаза-Мақтарал және Қытай елімен қосатын Аягөз-Бахты теміржол өткелі салынып жатыр. Жоспар бойынша екі жоба, яғни, Достық-Мойынты және Алматы айналма жобасы биыл бітіп, қолданысқа беріледі, - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
- Мұнан бөлек, инфрақұрылым қуаттылығын арттыру және өткізу қабілетін кеңейту мақсатында 700 шақырым болатын «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» учаскелері жаңғыртылады. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 1 200 шақырым «Қызылжар – Сексеуіл», «Шалқар – Бейнеу» учаскелерінде автоблоктау жаңа жүйелері енгізіледі. Жоғарыда айтылған жобаларды осы жылдың сәуір айында бастау жоспарланып отыр, - деді Нұржан Келбұғанов.