Елордада JOLTAP жобасын жүзеге асыру жалғасуда, оның аясында астаналықтар тиісті мамандықтар бойынша тегін оқудан өтіп, жұмысқа орналасып, табысын арттыра алады. Бағдарламаның түлегі Айжан Мыңжасарова өзінің жетістігі туралы сыр бөлісті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Айжан Мыңжасарова жеке ательесін ашып, аутизммен ауыратын балаларға арналған бұйымдарды тігумен айналысады. Ол достарынан JOLTAP курстары туралы біліп, өз саласында білімін арттыру үшін курсқа жазылады.
Айжанның айтуынша, ұстаздың тәлімгерлігі мен қажырлы еңбегінің арқасында аз уақыттың ішінде біраз мәлімет меңгеріп, қызықты адамдармен жүздесті.
Модельдеу және дизайн курстарында тегін оқудың, сондай-ақ жинақтаған тәжірибесінің арқасында кейіпкеріміз аутизммен ауыратын балаларға арналған спорттық құрал-жабдықтарды тігу бағытын қолға алды.Бірінші курсты бітіргеннен кейін ол тоқтап қалмай, жарнама таргеттеу саласында оқуын жалғастырады.
Оның айтуынша, курстар оқудың жоғары деңгейімен және қызықты оқу форматымен ерекшеленді.
Қазір Айжан достарына курстардан өтуге және жаңа мамандықтарды игеруге, біліктілігін арттыруға кеңес береді.Айта кету керек, JOLTAP қысқа мерзімді оқу бағдарламасына Астана қаласының 18 бен 50 жас аралығындағы тұрғындары қатыса алады. Оқуға тіркелу «Баршаға Мүмкіндік» модульдік пунктерінде жүргізіледі.